Accessibility links

Тәжікстанда "билікті басып алды" деп айыпталған бұрынғы вице-президенттің Ташкентте қайтыс болғаны хабарланды


Тәжікстаның бұрынғы вице-президенті Нарзулло Дустов 82 жасында Ташкентте қатерлі ісік ауруынан көз жұмды. Танымал саясаткер бір ай бұрын өмірден озды, бірақ оны қазасы енді ғана мәлім болды.

Нарзулло Дустов 1998 жылдан бері Өзбекстанда тұрған. Оның көрші елге қоныс аударуына онымен жақын араласқан полковник Махмұд Худойбердиевтің бүлік ұйымдастыруы себеп болған деп айтылады. Тәжікстанда Дустовтың үстінен "билікті күшпен басып алу немесе билікті күшпен ұстап тұру" айыбы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Саясаткер осы уақытқа дейін ресми түрде іздеуде болды.

Тәжікстан социалистік партиясының бұрынғы төрағасы Мирхусайн Назриев 30 қарашада Азаттықтың Тәжік қызметіне Нарзулло Дустов 1 қарашада қатерлі ісік ауруынан қайтыс болғанын айтты. Танымал саясаткерді Ташкенттегі зираттардың біріне жерледі. Өткен аптада Өзбекстан астанасында Дустовты еске алу кеші өтті. Мирхусейн Назриевтің айтуынша, Тәжікстанның бұрынғы вице-президенті өмірінің соңына дейін Тәжістан социалистік партиясының мүшесі болған.

Нарзулло Дустов Тәжікстан вице-президенті қызметін 1991 жылғы 2 желтоқсаннан 1992 жылғы 11 мамырға дейін атқарды. Оппозиция қысымынан соң қызметтен кетті. 1994 жылғы мамырда саясаткерге Душанбедегі үйінің маңында шабуыл жасалды. Шабуылдаушылар Дустовты жаралады, бірақ көздеген мақсатына жете алмады.

Хатлон облыстық прокуратурасының тергеушісі Бахром Шомировтің айтуынша, 1998 жылғы 3 қарашаға қараған түні полковник Махмуд Худойбердиев пен бұрынғы вице-президент Нарзулло Дустовтың жасақтары Худжанд пен Чкаловскіге кіріп, әуежай мен құқық қорғау органдарының нысандарын басып алған. Үкімет әскерімен ұрыс 8 қарашаға дейін созылды. Худойбердиев жасақтары жеңіліп, Өзбекстанға шегінуге мәжбүр болды.

Махмуд Худойбердиевтің Соғды облысына шабуылы кезінде жүзден аса адам өлген. Худойбердиев пен Дустов Өзбекстан аумағында тығылды. Кейін Тәжікстандағы соттар қашып жүрген полковниктің жүзге тарта жақтасын түрлі мерзімге соттады, кейбіреуі өлім жазасына кесілді. Тәжікстан бас прокуратурасы Өзбекстаннан Худойбердиев пен Дустовты беруін бірнеше рет сұраған, алайда олардың бұл өтініші жауапсыз қалған.

Махмуд Худойбердиев пен Нарзулло Дустов 1998 жылғы сәтсіз бүліктен кейін араласқан-араласпағаны белгісіз. Махмуд Худойбердиевтің тағдыры да әлі күнге дейін жұмбақ болып тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG