Accessibility links

Латвия "Дождь" телеарнасына айыппұл салды


Латвияның электронды ақпарат құралдары жөніндегі ұлттық кеңесі Мәскеу аннексиялап алған Қырымды Ресей аумағы ретінде көрсеткені үшін және Ресей армиясына қатысты "біздің" сөзін қолданғаны үшін "Дождь" телеарнасына 10 мың еуро көлемінде айыппұл салды. Бұл жөнінде кеңес жетекшісі Иварс Аболиньш Twitter желісінде хабарлады.

Шенеуніктің айтуынша, бірнеше ай ішінде телеарна осымен екінші рет заң бұзып отыр. Енді ол үшінші рет заң бұзса, оның Латвия аумағында хабар таратуына тыйым салынуы мүмкін.

Аболиньш бұған дейін телеарнаның қандай ереже бұзғанын айтпаған. Алайда биыл тамызда латвиялық режиссер Алвис Херманис "Дождь" телеарнасы тілшілерінің Латвия аумағында жұмыс істеуіне тыйым салуға шақырған. Оған арна тілшісі Екатерина Котрикадзенің Рига мэрі Мартиньш Стакиспен сұхбаты түрткі болған. Режиссер тілшінің Ригадағы совет ескерткіштерін бұзу жайлы сұрақтарына ашуланған. Қала мэрінің өзі "дұрыс сұхбат" болғанын мәлімдеген.

Жұма күні сонымен бірге "Ресей армиясын қолдаған" сюжет үшін телеарнаға әкімшілік іс қозғалғаны да белгілі болды. Аболиньш телеарна жергілікті заңдарды сыйлауы тиіс деді.

Ал Латвия қорғаныс министрі Твиттерде телеарнаны Ресейге жіберу керектігін және оның қызметкерлерін тұрақты тұру құжатынан айыру қажеттігін алға тартқан.

Латвия қауіпсіздік қызметі "Дождь" телеарнасындағы хабарға байланысты зерттеу басталғанын мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, телеарнаның "Ресей армиясы солдаттарына көмегі туралы" мәлімдемесі күмән тудырған.

Оның алдында арна жүргізушісі Алексей Коростелев 1 желтоқсанда "Здесь и сейчас" бағдарламасы кезінде көрермендерге қайырылып, "мобилизациядағы заңсыздықтарды көрсеңіз немесе Украинамен соғыста Ресей армиясының әскери қылмысына куә болсаңыз, хабарлаңыз" деп мәлімдеген.

"Біз көптеген әскери қызметкерге көмектесе алдық деп үміттенеміз, мысалы майдан кезінде қарапайым заттармен қамтамасыз ету жағынан [қол ұшын бердік деп сенеміз]" деді эфир кезінде Коростелев.

2 желтоқсанда "Дождь" телеарнасы журналистпен келісім-шартты үзгенін хабарлады.

"Эфир кезінде біздің ұстанымымызға күдік келтіретін тіркестерді қолдануға болмайды, сол себепті бүгіннен бастап Алексей Коростелевпен әріптестікті тоқтату туралы шешім қабылдадық. Бұл біз үшін күрделі шешім болды. Бірақ "Дождь" басшылығы мұны ең дұрыс қадам деп бағалайды. Біз жуырда эфир кезінде айтылған сөздерге кешірім сұраймыз" деді телеарна жетекшісі Екатерина Котрикадзе.

Ал Алексей Коростелев қызметтен кеткеннен кейін Телеграм арнасында ешқашан Ресей армиясына көмектесуді сұрамағанын жазды. Коростелев кеткеннен кейін телеарнадан тілшілер Владимир Роменский мен Маргарита Лютова да кететінін мәлімдеді.

  • Ресей билігі Украинаға басып кіргеннен кейін "Дождь" телеарнасын жапқан. Елдегі өзге тәуелсіз ақпарат құралдары тәрізді "Дождь" арнасы да жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Маусымда телеарна Латвиядан ақпарат тарату лицензиясына ие болған.
  • Ресей Украинаға басып кіргелі бері Латвияға 200-ден астам ресейлік журналист пен 20-дан астам басылым қоныс аударған. Латвия қауіпсіздік қызметі бұған алаңдаушылық білдірген. Арнайы қызметтің пікірінше, олардың жұмысы Латвияның ақпараттық кеңістігі қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
XS
SM
MD
LG