Accessibility links

Жамбыл облысында жеке тұрғын үйде болған өрттен екі бала қаза болды


Өртенген үйлердің бірі. Көрнекі сурет.
Өртенген үйлердің бірі. Көрнекі сурет.

Жамбыл облысы Шу ауданында жеке тұрғын үйлердің бірі өртеніп, екі бала қаза болды. Төтенше жағдай министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 3 желтоқсанға қараған түні Шу қаласындағы тұрғын үйлердің бірінен өрт шыққан. Өрт сөндірушілер түнгі сағат 12:10 шамасында өртті ауыздықтап, 12 жарым шамасында тұтас сөндірген.

Өрт орнында 2017 және 2020 жылғы екі баланың денесі табылған. Министрліктің алдын ала ақпараты бойынша, екі баланың анасы 1989 жылғы әйел балаларын үйде қалдырып, есікті сыртынан жауып кеткен.

Ресми ақпаратқа қарағанда өрт сөндірушілер оқиға орнына өрт шыққаны жөнінде ақпарат түскеннен кейін үш минутта жеткен.

Оқиғаға байланысты Шу полициясы "Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Қазақстанда кейінгі кезде балалардың өрттен қаза болуы жиілеген.

  • Былтыр қазанда Атырау облысында өртенген шөптің орнында үш баланың денесі табылған. Оның алдында ақпан айында Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде табиғи газдан иіс тиген бес адам өлі табылған. Олардың төртеуі – кәмелетке толмаған бала. 19 ақпан күні Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы көп қабатты үйдің пәтерінен өрт шығып, бір үйдің бес баласы көз жұмды.
  • 2019 жылы ақпан айында астананың "Көктал-1" ауылында көмірмен жылитын үй өртеніп, кішкентай бес қыз қаза болған. Ақпаратқа қарағанда, ата-анасы түнде жұмыста болған. Қайғылы оқиға көп балалы аналардың наразылығын туғызды. Олар үкіметтен баспанаға зәру отбасыларды үймен қамтамасыз етуді, әлеуметтік қолдауды күшейтуді, жеңілдік қарастыруды талап етті. Билік көп балалы аналардың кей талаптарын орындаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG