Accessibility links

АҚШ Ресейді "алаңдаушылық тудыратын ел" ретінде таныды


Ресей жоғарғы сотындағы Иегово куәгерлері ісі.
Ресей жоғарғы сотындағы Иегово куәгерлері ісі.

АҚШ 12 ел мен тоғыз ұйымды "алаңдаушылық тудыратын" ел немесе ұйым ретінде таныды. Арасында Ресей мен ресейлік "Вагнер" жеке әскери тобы да бар. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің дін еркіндігіне арналған мәлімдемесінде айтылады.

Ресеймен қатар "алаңдаушылық тудыратын" елдер тізіміне Қытай, Солтүстік Корея, Иран, Мьянма және өзге елдер кірген. Бұлардың барлығы "дін еркіндігін қатаң шектеу шараларына қатысқан немесе көз жұма қараған". Осылайша 1998 жылғы Дін еркіндігі туралы халықаралық заңды бұзған, деді Блинкен.

АҚШ "Вагнер" жеке әскери тобының Орталық Африкадағы әрекеттеріне байланысты алаңдап отыр. Тізімде сонымен бірге көптеген елдерде "террористік ұйым" деп танылған "Талибан", "Ислам мемлекеті" және "Боко Харам" да бар.

"Әлем елдеріндегі діни сенім бостандығының жағдайын мұқият бақылай береміз және діни қудалауға немесе алалауға ұшырағандарды қорғаймыз" деді Блинкен. Ол АҚШ өкілдері тізімдегі елдердің үкіметтерімен кездесуге және оларға халықаралық ережелер мен стандарттар бойынша көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

  • Ресейлік "Вагнер" жеке әскери қарулы тобы Украина, Сирия және Африка елдерінде соғысып жатыр. Аталған топ жалдамалылары көптеген әскери қылмыстарға байланысты күдікке ілінген. Жуырда АҚШ сенаты "Вагнер" жеке әскери тобын шетелдік террористік ұйым деп тану жөнінде заң жобасын енгізген.
  • Әлем бойынша шамамен 8 милионнан астам ізбасары бар халықаралық Иегово куәгерлері діни ұйымы Ресей аумағында "экстремистік ұйым" деп танылып, 2017 жылдың сәуірінен бастап қызметіне тыйым салынған. Бес жылдан соң заңгерлердің есебінше, кемінде 480 иеговалық куәгер Ресейдің "экстремистер" тізіміне енгізілген. Елде діни қызметке қатысты 290-нан астам қылмыстық іс қозғалған.
  • 2014 жылы Қырым аннексиясынан кейін Ресейде жүздеген Қырым татары "Хизб ут-Тахрир" ұйымына қатысы бар деген күдікке ілініп, қудаланған. Ондаған адам ұзақ жыл түрме жазасына кесілді. Қалғандары сот үкімдерін күтіп жатыр. Ресейде "Хизб ут-Тахрирдің" қызметіне 2003 жылдан бері тыйым салынған. Украина аумағында және Еуропаның көптеген елдерінде бұл ұйым заңды түрде істейді. Қозғалыс мүшелерінің терактілерге қатысы бары бірде-бір рет байқалмаған.
XS
SM
MD
LG