Accessibility links

FT: Ресей мұнай шектеулерін айналып өту үшін "көлеңкелі флот" жасақтайды


Ресейлік Волгонефть-147 мұнай танкері.
Ресейлік Волгонефть-147 мұнай танкері.

Ресей мұнай шектеулерін айналып өту үшін "көлеңкелі флот" жасақтап жатыр, деп жазды Financial Times басылымы. Бұған дейін Еуроодақ, Австралия, Ұлыбритания, АҚШ, Канада және Жапония Ресейдің танкерлік мұнайының баррелін 60 доллардан асырмауға келісіп, баға шегін белгілеген.

Сарапшылардың пікірінше, санкция күшіне енгеннен кейін Ресейге мұнай тасымалдайтын өте көп танкер қажет болады, себебі бұрын Еуропаға сатылып келген мұнай енді Азиядағы сатып алушыларға жөнелтіледі. Трейдерлер "көлеңкелі флот" санкция әсерін азайтқанмен, жоя алмайды дейді.

Кемелер ісі бойынша брокер Braemar компаниясының бағалауынша, мұнай тасымалдау жөнінен шетелдік танкерлерге тәуелді Ресей жүзден астам ескі танкерден құралған флот жасақтаған. Энергетика саласындағы Rystad консалтинг компаниясының мәліметінше, 2022 жылы Ресей мұнай тасымалдайтын тізбегін Иран мен Венесуэлаға (Батыстың мұнай эмбаргосының екеуіне де қатысы бар) қызмет көрсететін кемелерін қайта бөлу, сатып алу арқылы 103 танкермен толықтырған.

Танкерлерді анонимді түрде сатып алуды реестрде аты аталмаған немесе жаңа сатып алушылардың көбеюінен байқауға болады. Әдетте пайдаланылғанына 12-15 жыл толған, бірнеше жылдан соң жарамсыз болады делінетін танкерлер саудаланады, дейді Braemar компаниясының танкерлерді зерттеу бөлімінің жетекшісі.

Компания өкілдерінің айтуынша, 2022 жылы Ресеймен байланысты операторлар VLCC (Very Large Crude Carrier) деген атпен белгілі 29 супертанкер сатып алған. Бұл ірі көлемде мұнай тасымалдайтын танкерлер. Олардың әрқайсысы 2 млн баррельге дейін шикізат таси алады. Ресей флотына сонымен бірге Suezmax шамалас 31 танкерді қосқан. Олардың әрқайсысы шамамен 1 млн баррель мұнай тасымалдай алады. Флот құрамында сонымен бірге әрқайсысы шамамен 700 мың баррель мұнай тией алатын Aframax маркалы 49 танкер бар.

Сарапшылар пікірінше, соған қарамастан Ресейге танкерлер жетіспейді. Сол себепті Мәскеуге 2023 жылдың басында экспорт көлемін сақтап тұру қиынға түсуі мүмкін. Соның салдарынан қымбатшылық та туындауы мүмкін. Ресейге мұнай экспортының қазіргі көлемін ұстап тұру үшін 240-тан астам танкер керек, дейді Rystad сарапшысы.

  • 2 желтоқсанда Еуроодақ, "Үлкен жетілік" елдері мен Австралия Ресейдің танкерлік мұнайының баррелін 60 доллардан асырмауға келіскен. Енді 5 желтоқсаннан бастап Еуроодақ елдері, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Жапония және Австралия Ресейдің танкерлік мұнайын 60 доллар немесе одан да төмен бағаға алғандарға ғана қызмет көрсетеді. Аталған елдер қажет болған жағдайда ең жоғарғы шекті өзгертетінін мәлімдеді. Олардың мәлімдемесінде Ресейдің мұнай өнімдеріне де 2023 жылдың 5 ақпанынан бастап баға шегі белгіленетіні жазылған.
  • Ресей баға шегін белгілеген елдерге нарық құнынан кем бағаға мұнай сатпайтынын мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG