Accessibility links

Нуланд: Қысым Путинді ядролық жоспарынан бас тартуға мәжбүрледі


АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Виктория Нуланд.
АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Виктория Нуланд.

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғыста өзге елдердің қатаң ескертуінен кейін ядролық қару пайдаланған жоқ. Киевте журналистермен кездесу кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Виктория Нуланд осылай деп мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы орынбасарының пікірінше, Мәскеудің ядролық жоспарына қатысты халықаралық реакция Путинді ядролық қару пайдалану жоспарынан бас тартуға итермелеген.

"АҚШ қана емес, "Үлкен жетіліктің" өзге де мүшелері Кремльге бұған мүлде жол беруге болмайтынын жеткізді. Ресей бұған дейін де өзін әлемнен аластатып қойған, бірақ біз оған ядролық қару қолданудың теңдессіз салдары болатынын түсіндірдік" деді Нуланд.

Нуландтың пікірінше, ядролық қарудан бас тартқан Ресей Украинаның "энергетика инфрақұрылымдарына шабуылдап, принципті түрде өзге қаруға көшкен". Нуланд мұндай тактиканы да айыптады. "Путин басқа нәрсе жасауға көшті. Қазір соны көріп отырсыздар" деді ол украин журналистеріне.

  • Путин Украинада ядролық қару қолданатынын ашық айтпағанмен бірнеше рет соны меңзеген. Ол Ресей мемлекетіне қатер төнсе, ядролық қаруға жүгінуі мүмкін екені жазылған Ресейдің ядролық доктринасына сүйенген. Ол Мәскеу аннексиялап алған аумақтарды сақтап қалу үшін барлық құралды пайдалануға дайын деп мәлімдеген. Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев "Армагеддон" және "Апокалипсис" туралы айтқан.
  • Ресейдің ядролық қару қолдануы мүмкін екенін кремльшіл пропагандистер Маргарита Симоньян, Владимир Соловьев айтқан. "Ұлттық азат ету" қозғалысы Ресейде митинг өткізіп, "Сармат" ядролық зымыранымен Вашингтонға соққы жасауды талап еткен.
  • АҚШ және одақтастары Ресей Украинаға ядролық соққы жасаса, салдары өте ауыр болатынын ескерткен. Олар нақты не болтынын айтпаған. Алайда дереккөздерге сүйенген ақпарат құралдары мәселе Ресей аннексиялап алған Украинадағы ресейлік нысандарға бірігіп соққы жасау жөнінде болуы мүмкін деп болжаған.
  • Кейінгі апталарда Ресей СІМ ядролық соғысқа жол бермеу қажеттігі жөнінде мәлімдеген.
  • Ресей билігі Нуланд мәлімдемесіне реакция білдірмеді.
XS
SM
MD
LG