Accessibility links

Макрон Ресей "қауіпсіздігіне кепілдік" беру жайын қозғады


Макрон мен Путиннің кездесуі.
Макрон мен Путиннің кездесуі.

НАТО бойынша одақтастарымыз Ресей Украинамен келіссөзге оралған шақта оған қандай дәрежеде қауіпсіздігіне кепілдік бере алатыны жөнінде ойлауы керек. TF1 телеарнасына берген сұхбатында Франция басшысы Эммануэль Макрон осылай деп мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл мәселе соғыс аяқталғаннан кейін Еуропадағы қауіпсіздіктің жаңа құрылымы контексінде қаралуы мүмкін.

"Бұл тақырып бейбітшілік факторының бір бөлігі болмақ, сол себепті біз де оған дайындалуымыз керек: біз неге дайынбыз және Ресей келіссөз үстеліне оралған күні оның жеке қауіпсіздігіне кепілдік бере отырып, одақтастарымыз бен НАТО-ға мүше елдерді қалай қорғаймыз" деді Макрон. Ол Ресей президенті Владимир Путиннің "НАТО-ның өзіне жақындап қалғанын" бірнеше рет айтқанын еске салды.

Франция президентінің айтуынша, ол болашақтың қауіпсіздік құрылымын жуырда АҚШ президенті Джо Байден келген кезде талқылағанын айтты.

Макрон жуырда Франция мен одақтастарының алдағы уақыттағы міндеті Украинаға шыдас беруіне көмектесу, электр станцияларын қорғауға да қол ұшын беру және келіссөз күніне дайындалу деп мәлімдеген. Макронның сөзінше, Франция бұдан әрі қарай да Киевке қару-жарақ береді.

Франция президентінің айтуынша, украиналықтар мемлекет шекарасына қатысты шешімді өздері қабылдауы тиіс. Бұл сөзін айтқан кезде Францияның өткен ғасырда нацистік Германия басып алған Эльзаc-Лотарингияны қайтарғанын да мысалға келтірді.

Ресей Украинаға басып кіргенге дейін "қауіпсіздігіне кепілдік" талап еткен. Атап айтқанда, Мәскеу Украина мен Грузияны НАТО-ға қабылдамауды және аталған елдерге шетел әскерін орналастырмауды, сонымен бірге Еуропадағы НАТО әскери құрылымын 1997 жылғы жағдайға әкелуді талап еткен. НАТО елдері бұл талаптарды қабылдай алмайтынын мәлімдеп, дегенмен Ресеймен қару-жарақты шектеу, шекаралас аймақтарға белгілі бір жүйелерді орналастырмау және өзге мәселелерді талқылауға дайын екенін білдірген. Талаптардың орындалмауы Ресейдің Украинаға басып кіруінің бір "себебі" болды. Макрон "қауіпсіздікке кепілдікті" қалай түсінетінін нақтылаған жоқ.

XS
SM
MD
LG