Дағыстанда Каспий жағалауында өлген итбалықтар саны 1,7 мыңға дейін жетті, деп хабарлады Каспий табиғатын қорғау орталығының директоры Заур Гапизов.
Орталықтың Инстаграмдағы парақшасында өлген итбалықтар бұдан да көп болуы мүмкін екені жазылған.
Осыған дейін Ресей балық шаруашылығы Солтүстік Кавказ аймағы басқармасы Дағыстандағы Каспий жағалауында 700 өлі итбалық табылғанын хабарлаған.
Мамандар бір қарап шыққаннан кейін негізінен жас итбалықтар қырылған деген қорытындыға келген. Көбі буаз болған. Тексерілген итбалықтардан қармақпен тұншықтыру іздері байқалмаған.
Ал Дағыстан табиғи ресурстар министрлігі жағалаудан 300-ден астам итбалық табылғанын мәлімдеді. Ведомство өкілдері итбалықтардың "табиғи факторлардың" салдарынан өлгенін айтты.
2021 жылы мамыр айында Каспий жағалауында Махачкалаға жақын жерде Қызыл кітапқа енгізілген 150-ден астам өлі Каспий итбалығы табылған еді. Өлген жануарлардың көбінің терісі сыпырулы болған. Табиғи ресурстар министрлігі сол кезде браконьерлер қармаққа түсіп қалған итбалықтардың көбінің терісін сыпырып, теңізге тастаған болуы мүмкін деп топшылаған.