Accessibility links

Вашингтон Мәскеуге жеткізіліп жатқан Иран қаруына тосқауыл қояды


Украина президенті Владимир Зеленский мен Иранның Украинада атып түсірілген камикадзе дроны. Киев, қазан 2022 жыл
Украина президенті Владимир Зеленский мен Иранның Украинада атып түсірілген камикадзе дроны. Киев, қазан 2022 жыл

АҚШ Иранмен арада тығырыққа тірелген ядролық келіссөзді әрі қарай жалғастырмайды. Оның орнына Иран қаруының Ресейге жеткізілуіне тыйым салып, бірнеше айдан бері жаппай наразылыққа шығып жатқан Иран халқына қолдау көрсетеді. Бұл туралы АҚШ-тың Иран жөніндегі арнаулы елшісі Роберт Мэлли Bloomberg агенттігіне берген сұқбатында айтқан.

Мэллидің сөзінше, Иран ядролық келісім жасауға мүдделі емес. "Біз қазір Иран қаруының Ресейге жеткізілуіне тоқтау салып, Иран халқының күресіне қолдау көрсеткеніміз жөн",- дейді дипломат.

Халықаралық атом энергетикасы ұйымы (МАГАТЭ) қараша айында Иранның әрі қарай да уран байытып жатқанын растаған. Тегеран МАГАТЭ-ден тексерісті тоқтатуды талап еткен. Иран мен Еуропа одағы арасындағы келіссөз ресми түрде тоқтамаған, бірақ Мэллидің сөзіне қарағанда тамыздың соңынан бері жаңа байланыстар болмаған.

Мэлли АҚШ Иран қаруының Ресейге жеткізілмеуіне күш салатынын айтты. Ресейдің әскери өндірісіне көмек болып саналатын мұндай әрекеттерді АҚШ "шектен шығу" деп бағалайтын болады.

Мәскеу мен Тегеран Иранның Ресейге қару беріп отырғанын теріске шығарады. Алайда Иран Ресейге Украинадағы соғысқа дейін дрон бергенін мойындаған. Украинада Иранның "Шахид-131" және "Шахид-136", "Мохаджер-6" камикадзе дрондары пайдаланылған. Американың Washington Post газеті қараша айында Мәскеу мен Тегеран Иран дрондарын Ресейден шығару жөнінде келісім жасасқанын жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG