Accessibility links

Моңғолияда көмір ұрлығы жайлы хабардан соң халық жаппай наразылыққа шықты


Моңғолияда наразылыққа шыққан жұрт. 5 желтоқсан 2022 жыл.
Моңғолияда наразылыққа шыққан жұрт. 5 желтоқсан 2022 жыл.

Моңғолия астанасы Улан-Баторда халық үкімет сарайына басып кіруге тырысты. Олар жемқорлық мәселесін тергеп, үкіметті отставкаға жіберуді талап етті. Бұл туралы Моңғолиядағы билік партиясының басылымы "Монголын унэн" хабарлады.

Улан-Батордағы наразылық жексенбі, 4 желтоқсанда басталған. Наразылыққа "12,9 млрд доллар болатын көмірді ұрлады" деген ақпарат түрткі болды. Бұл көмір Қытайға жеткізіледі деп жоспарланған еді. Наразылар ел астанасының орталық алаңына жиналып, көмір ұрлығы мен бюджет ақшасының жымқырылуын тергеуді, бұл жағдайға қатысы барларды анықтауды және үкіметті отставкаға жіберуді талап етті.

Жұрт алаңға елдің туы мен "Халықты тонауды қойыңдар", "Менің болашағымды ойла" деген плакаттар ұстап шықты. Жүздеген наразы "соңына дейін барамыз" деп дүйсенбі, 5 желтоқсанда да наразылықты жалғастырды.

Моңғолиядағы көлемі жағынан үшінші қала саналатын Дарханда халық көмірді ұрлағандардың есімін жариялап, мүлкін тәркілеуді талап қылған. Жексенбіде наразылар қала көшелерімен жүріп, "ұрлықшыларға қарсы бірігейік" деген. Митингіге шыққан жұрт "Конституциямен бекітілген құқығымыз бен бостандығымыз жыл сайын шектеліп жатыр, өміріміз нашарлап барады" деп ұрандатқан.

bne IntelliNews сайтының хабарлауынша, Моңғолия үкіметі елдегі жағдайды үш рет талқылап, мемлекеттік "Эрдэнэс Тавантолгой" көмір компаниясына қатысты тексеріс бастаған. Үкіметте наразылармен диалог жүргізетін жұмыс тобы да құрылғаны хабарланды.

"Көмір ұрлығы бойынша тоғыз қылмыстық іс қозғалды. Компанияның бұрынғы бес директоры күдікке ілінді" деді экономика министрі Хурэлбаатар Чимед.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG