Қырым көпірінің қалпына келтірілген бөлігіндегі екі жақты автомобиль жолы ашылған. Бұл жөнінде аймақтық жол басқармасы хабарлады. Ресейдің Краснодар аймағы мен аннексияланған Қырымды жалғайтын көпірдің бір бөлігінде 8 қазанда жарылыс болған. Жөнделіп біткенше көліктер тек бір жолақпен ғана жүрген, оның өзінде тек жеңіл көліктер жіберілген.
Ресей жарылысты Украина арнаулы қызметі жасады деп мәлімдеген. Осыдан кейін іле-шала Украинаның маңызды энергетика желісіне жаппай зымыран атуды бастаған.
Ресей БАҚ-тары қалпына келтірілген көпірге Владимир Путин барғанын хабарлады. "Россия 24" телеарнасы Путинің көпір үстіндегі көлік рөлінде отырғанын көрсеткен. Кейбір БАҚ Путин Ресейде шыққан көлікті пайдаланбай, немістің Mercedes маркалы көлігіне мінді деп нақтылай түскен (бұрын Кремль "Ресей Батыс өнімдерінсіз де өмір сүре береді" деген болатын). Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков оны "Путин ешкімді әуреге қылғысы келмей, сол жерде тұрған Mercedes-ке отыра салды" деп түсіндірді.
Көпірдің зақымданған бөлігінің оң жағы ғана жөнделген. Екінші жолағы 20 желтоқсанда ашылуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР