Accessibility links

Даниал Ахметов ШҚО әкімі болып қайта тағайындалды


Даниал Ахметов.
Даниал Ахметов.

Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып қайта тағайындалды. Бұл жөнінде Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен аптадан бері облыс әкімдерін тағайындаған Тоқаев Ахметовке қатысты жарлықты ротация соңына қарай шығарды. Қазір Қарағанды облысының әкімі ғана тағайындалған жоқ. Облыс әкімі міндетін Жеңіс Қасымбек атқарып жатыр.

Даниал Ахметов ШҚО-ны 2014 жылдан бері басқарып келеді. 68 жастағы шенеунік СССР құлағанға дейін билікке келген ескі гвардия өкілдерінің бірі саналады. Ол Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған тұста Екібастұз әкімі болды, Павлодар облысын басқарған. Кейін Солтүстік Қазақстан облысына жетекшілік етті. 2000-жылдары үкіметке келді: премьер-министрдің орынбасары, премьер-министр, қорғаныс министрі қызметтерін атқарды. 2017 жылы зейнет жасына жеткен Ахметов сол кезде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен өкілеті бес жылға ұзартылған еді.

Биыл қараша басында ол басқаратын ШҚО-да 55 мыңнан астам халқы бар Риддер қаласында мыңдаған тұрғын жылусыз қалған. Әкімдік жағдай біртіндеп қалпына келеді деген. Қараша соңында Өскемен қаласындағы жылу электр станциясының бірінен де күшті аяз кезінде ақау шыққан.

КазТАГ жазуына қарағанда, Өскемен ЖЭС-і 2017 жылы мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің құдасы, миллионер Дінмұхамед Ыдырысов бақылайтын "Қазақстан коммуналдық жүйесі" компаниясының меншігіне өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG