Accessibility links

Сот жаза мерзімі ұзартылған белсенді Елшібаевтың апелляциялық өтінішін орындамады


Белсенді Ержан Елшібаев сот залында. 29 қыркүйек 2022 жыл.
Белсенді Ержан Елшібаев сот залында. 29 қыркүйек 2022 жыл.

Қызылорда қаласының апелляциялық соты 7 желтоқсанда белсенді Ержан Елшібаевтың жаза мерзімін 8 жылға дейін ұзартқан бірінші инстанцияда шыққан үкімді қолдап, белсендінің апелляциялық өтінішін орындамады. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокаты Жанар Сүндетқалиева хабарлады.

Сәрсенбі күні таңертең сот жалғасып, онда адвокаттар бірнеше өтініш түсірген. Түстен кейін кеңесу бөлмесінен келген судья Қызылорда қаласының № 2 сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Белсендінің апелляциялық шағымы 23 қарашада қарала бастаған. Сот тыңдауы бірнеше рет кейінге шегеріліп, соңғы рет сот мұны "қосымша дәлелдерді сұратып жатқандығымен" түсіндірген. Адвокаттың айтуынша, бұл процессуалдық нормаларға қайшы.

Апелляция тыңдауына Қызылорда түрмесінде отырған белсенді қатыстырылмады.

Сәрсенбі күні адвокат Жанар Сүндетқалиева Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіретінін айтты.

"Апелляциялық инстанция шағымдарымызды объективті түрде қараған жоқ, тиісті дәрежеде құқықтық баға берген жоқ деп санаймыз. Бірінші инстанцияда шыққан сот үкімі мен Қызылорда облыстық сот алқасының қаулысына кассациялық шағым түсіреміз" деді ол.

Бірінші инстанция сотында адвокат дәлелдер қатарынан бірқатар құжаттарды (атап айтқанда, мемлекеттік адвокатты тағайындау туралы және Ержан Елшібаевты күдікті ретінде тану туралы қаулылар) алып тастауды сұраған. Айыптау актісінде олар айғақ ретінде көрсетілген.

"Адвокатты тағайындау туралы қаулы мен адвокатты қорғау туралы хабарлама 30 сәуірде шыққан. Алайда тергеуші 28 сәуірде Ержан Елшібаевты күдікті ретінде тану туралы қаулы шығарады, сол күні тергеуші мен адвокат оған қол қояды. Сонда тергеуші адвокатты іске қоспай тұрып, Елшібаевты күдікті ретінде тану туралы қаулы шығарып, адвокатқа қол қойғызған. Тергеуші бұған қалайша жол берген? Осы сәттен бастап Елшібаевтың құқықтары бұзылған. Елшібаев ол адвокаттан бас тартқан, онымен жұмыс істегісі келмеген. Бірақ соған қарамастан тергеу амалдары сол адвокатпен жалғаса берген" деді адвокат Жанар Сүндетқалиева Азаттық тілшісіне.

Апелляциялық сотта Сүндетқалиева сотқа тағы сондай өтініштер түсірді. 7 желтоқсанда судья ол өтініштерді "кеңесу бөлмесінде қарап, құқықтық баға беретінін" айтқан.

"Үкімді заңсыз деп тануға басты себептердің бірі – қорғау құқығының бұзылуы. Алайда сот бұған көз жұма қарады" деді Сүндетқалиева.

Сот істі қараған кезде "ешқандай заңбұзушылық анықталмағанын" алға тартты. Шешімді түсіндірген сот алқасының төрағасы бірінші инстанция соты "істі объективті қараған, жиналған іс дәлелдеріне құқықтық тұрғыда дұрыс баға берген" деді.

34 жастағы Ержан Елшібаевты 2019 жылғы 17 қарашада Жаңаөзен қаласының соты бес жылға бас бостандығынан айырған. Белсендіге "біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді" деген (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) айып тағылған еді. Тергеу органы Елшібаев 2017 жылы Жаңаөзенде біреулермен төбелесіп, бір адамды жарақаттаған деп мәлімдеген. Кейін 2019 жылғы 25 қарашада әлгі оқиғаға қатысы бар адамдар Елшібаевқа еш талабы жоғын айтса да, апелляция соты үкімді күшінде қалдырды.

Елшібаевтың жаза мерзімінің аяқталуына шамамен бір жылдай уақыт қалғанда биыл 29 қыркүйекте сот белсендіні "түрме талаптарына бағынбады, тыйым салынған заттарды сақтады, өзіне қол салды, сотталушыларды бүлікке үгіттеді" (Қылмыстық кодекстің "Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау" бабы) деп танып, оған тағы тағы 7 жыл түрме жазасын қосып берген. Сотта Елшібаев айыбын мойындамаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар "бұл істің саяси астары бар, Елшібаев қоғамдық белсенділігі үшін түрмеге қамалды" деп мәлімдеп, оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Тамыз соңында Қазақстанға келген Еуропарламент депутаттары Астананы белсенділерді қудалауды дереу доғаруға шақырған. 2021 жылы 2 маусымда БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі Ержан Елшібаевтың ісінде "адам құқығы саласындағы халықаралық нормаларды бұзды" деген қорытынды жасап, оны қамаудан босатуды талап еткен. БҰҰ жұмыс тобы билік Елшібаевқа өтемақы беруі тиіс деп санайды.

Қазақстан билігі түрмелерде саяси тұтқын барын мойындамайды және елде саяси қудалау жоғын айтып келеді.

XS
SM
MD
LG