Кремльге қатысы бар ресейлік миллиардерлер Искандар Махмудов пен Андрей Бокарев Латвияда кәсіпкерлікпен айналысады. Бұл жөнінде The Insider зерттеуінде айтылған.
Зерттеу авторларының айтуынша, 2017 жылға дейін миллиардерлердің "Калашников" концернінде үлесі болған, ал оларға тиесілі "Коломенский зауыты" ресейлік әскери кемелерге дизель тасымалдайды. Олардың "Калашников" қару-жарақ концерні бойынша бизнес-әріптестерінің бірі Алексей Криворучко қазір Ресей қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарады.
Махмудов пен Бокаревке Ресейдегі ірі мемлекеттік кәсіпорындардың бірі Орал тау-кен металлургия компаниясы, "Кузбассразрезуголь", "Трансмашхолдинг" тиесілі.
Латвияда кәсіпкерлер делдалдық желілер арқылы Рига электр көлік құрылыс зауыты (RER) және оған еншілес техника мен жабдықтарды сатумен айналысатын LATVO кәсіпорнына иелік етеді. Рига электр көлік құрылыс зауытының жылдық табысы 2021 жылы 33 млн еуроға жеткен. Компания Еуропа аумағында жұмыс істейді және Еуроодақтан қаржыландырылады.
The Insider мәліметінше, Махмудов пен Бокарев зауытты "Холдинг ТрансКомпонент" және "Крона Груп" АҚ арқылы бақылайды, ал олардың номиналды иелері – ресейлік Игорь Лозовой мен Латвия азаматы Сергеюс Гречукас деп айтылады. "Крона Груп" – Рига электр көлік құрылыс зауытының экслюзивті дистрибьюторы, "Орталық жолаушылар компаниясының" мердігері. Зерттеушілер оны да Махмудов және Бокаревпен байланыстырады.
Басылымның жазуынша, Махмудов пен Бокарев "қылмыстық топ өкілдеріне ақша жымқыруға көмектескен кәсіпкер ретінде" бірнеше іс бойынша айыпталушы атанған. Аталған істер 2007-2008 жылдары Германия мен Испанияда қозғалған.
Қылмыстық істер бойынша айыпталған, Ресей билігінен тапсырыс алатын ресейлік олигархтар Махмудов пен Бокарев соған қарамастан тек Ұлыбританияның санкция тізіміне ғана ілінген.
ПІКІРЛЕР