Accessibility links

Алматыда "аштыққа ұшыраған Шыңжаң қазақтарын" қолдау пикеті өтті


Қытайдан көшіп келген қазақ Оңғарбек Үсіпұлы халықаралық қауымдастықты аштыққа ұшыраған Шыңжаң қазақтарын қолдауға үндеді. Алматы, 9 желтоқсан 2022 жыл.
Қытайдан көшіп келген қазақ Оңғарбек Үсіпұлы халықаралық қауымдастықты аштыққа ұшыраған Шыңжаң қазақтарын қолдауға үндеді. Алматы, 9 желтоқсан 2022 жыл.

9 желтоқсанда Алматыда Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қиылысында орналасқан Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш алдында жалғыз адамдық пикет өтті. Биыл тамыз айында Шыңжаңнан Қазақстанға қоныс аударған Оңғарбек Үсіпұлы Қытайдағы қазақтардың аштыққа ұшырап жатқанын айтып, халықаралық адам құқығы ұйымдарынан оларға араша түсуді сұрады.

- Қазір Қытайда карантиннің салдарынан жаппай ашаршылық болып, өздері үйге аш қамалып, малдары қар астында қалып, соның себебінен көптеген қиындықтар болып жатыр. Мысалы, Құмыл аймағында екі жарым ай карантин болып, таулы аудандағы қойшылар, бауырларымыз далада қалып, бейіт паналап жүр. Мен сол үшін осында келіп тұрмын. Қытайдан келгеніме көп болған жоқ. Жаңа ақпараттарды да біліп отырмын. Карантин кесірінен депрессияға ұшырап, өз-өзіне қол салғандар да бар, - дейді Оңғарбек Үсіпұлы.

Қазақша-ағылшынша үндеу жасаған Оңғарбек қолына Шыңжаңдағы қазақтардың қар астындағы малдарын қазып алып жатқан суреттер бейнеленген плакат ұстап тұрды.

Айналада полиция қызметкерлері болмады. Бұған дейін Астанада да бірнеше адам осыған ұқсас акция өткізіп, Шыңжаңдағы туыстарының жағдайына алаңдап, Қытай билігіне талап айтқан.

Осыған дейін Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген «Атажұрт еріктілері» ұйымы карантин салдарынан Қытайдың Шыңжаң өлкесінде малмен айналысатын Қытай қазақтары биыл жайлаудан қыстауға уақытында көшпегендіктен аяқ асты жауған қалың қардан көп малдары қырылғанын хабарлаған. Карантиннің кесірінен биыл диқандар егіндерін жинай алмай қалса, жайлаудағы малшылар күзекке түсе алмай, қарлы боранға ұшыраған.

24 қарашада Қытайдың Үрімжі қаласында көп қабатты үйден өрт шығып он адам опат болды. Ақпаратқа қарағанда, адамдар карантиннің салдарынан бекітілген есіктен дер кезінде шыға алмаған. Бұл Қытайдың ірі қалаларында ірі наразылыққа түрткі болды. Полиция наразылықты күшпен басуға тырысып, белсенділерді қудалады. Кейін кейбір аймақтарда, оның ішінде Шыңжаң өңірінде ішінара карантин талаптарының жеңілдетілгені айтылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG