Accessibility links

Еуроодақ Таулы Бадахшандағы оқиғаларды тәуелсіз зерттеуге үндеді


Еуроодақ делегациясы Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы жағдайға, журналистер мен құқық қорғаушылардың қысымға ұшырауына алаңдайды. Бұл туралы ЕО-ның Тәжікстандағы өкілдігі Еуропа одағы мен Тәжікстанның адам құқықтары жөніндегі диалогының жыл сайын өтетін басқосуында мәлімдеді.

Душанбеде осы аптада өткен диалогта ЕО Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы адам құқықтарына қатысты жағдайға қатты алаңдайтынын айтып, 2021 жылғы қараша мен 2022 жылғы мамырдағы оқиғаларға тәуелсіз зерттеу жүргізуге үндеді.

Таулы Бадахшан автономия облысында наразылық биыл 14 мамырда басталған. Жұрт Таулы Бадахшан автономия облысының басшысы Әлішер Мирзонабот пен қала мэрі Ризо Назарзоданың отставкасын талап еткен. Барлық блокпосты алып тастап, Бадахшан тұрғындарын қудаламауды, қараша оқиғаларын әділ тергеуді, белсенділерді босатуға үндеген. Бұған қоса, наразылар 2021 жылдың қарашасында күштік құрылымдар ұстау кезінде қаза болған Гулбиддин Зиебековтің қазасын әділ тексеруді талап еткен.

Билік олардың талаптарын қараудан бас тартқан соң 16 мамырда жастар облыс әкімшілігіне қарай жүрген. Күштік құрылым өкілдері оларға резеңке оқ атып, жас ағызатын газ шашқан.

18 мамырда Таулы Бадахшан автономия облысында "терроризмге қарсы операция" жүргізілді. Арнайы жасақ Хорог алаңына баратын жолды жауып, наразыларға шулы граната, жас ағызатын газ шашқан, кемінде 25 адам қаза болды деп жазды Guardian басылымы,

Тәжікстан ІІМ мәліметінше, 17 мамырда Рушан ауданында үкімет күштері мен Хорогқа баратын жолды жапқан жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болған. Осы жайтқа орай "терроризмге қарсы операция" жүргізілген. Ведомство кейін операцияның нәтижесінде 8 адам өлтірілгенін, 11 адам жарақаттанғанын хабарлаған. 70-тен астам демонстрант ұсталған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары тәжік үкіметін Бадахшандағы азаматтық белсенділерді қамағаны үшін сынады. Human Rights Watch ұйымы тәжік үкіметіне қайырылып, заңсыз қамау мен әділетсіз сот шешімдерін тыюға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG