Ресей Украинаға басып кіргелі бері соғыста 10 002 ресейлік әскери қызметкер опат болған, 430-ы – мобилизацияланған ресейліктер. Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" басылымы бірігіп жүргізген зерттеуде айтылады.
Ашық дереккөздерге сүйенген журналистер 9 желтоқсан күнгі жағдай бойынша қаза болғандар жағынан Краснодар өлкесі бірінші орынға шыққанын жазды. Соғыста осы өңірден келген 428 адам опат болған. Журналистердің айтуынша, осы өңірден шыққан қаза болғандардың 40 пайызы жөнінде ақпарат БАҚ пен әлеуметтік желіде жазылмаған. Олардың өлгені тек жергілікті бейіттерді зерттегеннен кейін ғана белгілі болған. Адам шығыны бойынша екінші орында Дағыстан (363 адам), үшінші орында Бурятия (356 адам) тұр.
Қаза болған кемінде 1509 адам, яғни өлгендердің 15 пайызы – офицерлер. 17 пайызы жаяу әскер сапында болған. Опат болғандар арасында төрт генерал мен 49 полковник бар.
Журналистердің мәліметінше, Украинада опат болғандардың 394-і мобилизация кезінде соғысқа алынған. Тағы 36 адам майданға аттанбай тұрып қаза болған. Көбі "жүрек ауруынан" немесе "ішімдік көп ішіп" қайтыс болған деп айтылады. Журналистер мобилизацияға ұшырағандар арасында адам шығыны көп болуы мүмкін, себебі қаза болғандар туралы хабарда олардың статусы көрсетілмейді деп түйіндейді.
Зерттеушілердің сөзіне қарағанда, статистиканы төмендетіп көрсеткен күннің өзінде Украинада Росгвардияның 20 мыңнан астам мүшесі қаза болған. Тұтас алғанда Ресей соғыста кемінде 90 мыңнан астам адамынан айырылған болуы мүмкін.