Ресей Иранға соңғы үлгідегі әскери жабдықтар мен бөлшектер, сонымен бірге тікұшақтар мен әуе шабуылына қарсы жүйелерін жібереді, есесіне Мәскеу Тегераннан дрондар алады. Бұл жөнінде Ақ үйдегі жоғары лауазымды тұлғаларға сүйенген NBC News сайты хабарлады.
Ақ үй өкілдері Тегеранның Мәскеуге "теңдессіз дәрежеде" қол ұшын беріп отырғанын айтты.
NBC дереккөздерінің айтуынша, 2022 жылы көктемде ирандық ұшқыштар Ресейде Су-35 истребительдерін пайдалануды үйренген. Иран мұндай ұшақтарға келесі жылы қол жеткізуі мүмкін. NBC дереккөздерінің хабарлауынша, мұндай әріптестік Украина ғана емес, Иран көршілеріне де қатер төндіреді.
"Таяу Шығыс және әлемдегі әріптестерімізбен осы ақпаратты бөлістік" деп NBC Ақ үйдегі шенеуніктердің бірінің сөзінен үзінді келтіреді.
- Дрондар Украинадағы әскери қимылдарда маңызды рөлге ие. Ресей кейінгі айларда Украинаға соққы жасау үшін "Герань-2 " дрондарын пайдаланып жүр. Украина мен Батыс елдерінің айтуынша, бұл Иранның "Шахед-136" дроны.
- Иран билігі Мәскеуге соққы жасайтын дрондар бергенін мойындағанмен оларды соғыс басталмай тұрып жеткізгенін айтқан.