Тәжікстан жоғарғы соты Таулы Бадахшанда "заңсыз митинг ұйымдастырды" деп айыпталған азаматтық белсенді Ульфатхоним Мамадшоеваны 21 жыл түрмеге кесті.
Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, сот үкімі апта басында шыққан. Жай-жапсары белгісіз. Тәжікстан жоғарғы сотының баспасөз қызметі шешімге түсініктеме бермеді.
Тамыз айында мемлекеттік айыптаушының Мамадшоеваға 25 жыл түрме жазасын сұрағаны белгілі болған. Сот жабық жағдайда өтті.
Тәжікстан ІІМ мамыр ортасында Ульфатхоним Мамадшоева, Мамадбокир Мамадбокиров және іздеуде жүрген Алим Шерзамоновқа Таулы Бадахшандағы "заңсыз митингіні ұйымдастырды" деген айып таққан.
Сол кезде "Настоящее время" және Азаттықтың Тәжік қызметі Мамадшоевамен сұхбаттасқан. Белсенді тағылған айыптарды негізсіз деп атаған. Ол "заңсыз әрекеттерге" қатысы жоғын айтқан. 20 мамырда Мамадшоеваға сегіз бап бойынша айып тағылды, арасында "конституциялық құрылымды өзгертуге жария түрде шақыру" туралы бап та бар.
Облыста наразылық 14 мамырда басталған. Жұрт Таулы Бадахшан автономия облысының басшысы Әлішер Мирзонабот пен қала мэрі Ризо Назарзоданың отставкасын талап еткен. Барлық блокпосты алып тастап, Бадахшан тұрғындарын қудаламауды, қараша оқиғаларын әділ тергеуді, белсенділерді босатуға үндеген. Бұған қоса, наразылар 2021 жылдың қарашасында күштік құрылымдар ұстау кезінде қаза болған Гулбиддин Зиебековтің қазасын әділ тексеруді талап еткен.
Билік олардың талаптарын қараудан бас тартқан соң 16 мамырда жастар облыс әкімшілігіне қарай жүрген. Күштік құрылым өкілдері оларға резеңке оқ атып, жас ағызатын газ шашқан.
18 мамырда Таулы Бадахшан автономия облысында "терроризмге қарсы операция" жүргізілді. Арнайы жасақ Хорог алаңына баратын жолды жауып, наразыларға шулы граната, жас ағызатын газ шашқан, кемінде 25 адам қаза болды деп жазды Guardian басылымы,
Тәжікстан ІІМ мәліметінше, 17 мамырда Рушан ауданында үкімет күштері мен Хорогқа баратын жолды жапқан жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болған. Осы жайтқа орай "терроризмге қарсы операция" жүргізілген. Ведомство кейін операцияның нәтижесінде 8 адам өлтірілгенін, 11 адам жарақаттанғанын хабарлаған. 70-тен астам демонстрант ұсталған.
65-жастағы Ульфатхоним Мамадшоева тәуелсіз журналист болып істеген. Ол сонымен бірге "Закон и честь" қоғамдық ұйымын құрған. 2003-2014 жылдары Ресей-тәжік славян университетінде дәріс оқыған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары тәжік үкіметін Бадахшандағы азаматтық белсенділерді қамағаны үшін сынады. Human Rights Watch ұйымы тәжік үкіметіне қайырылып, заңсыз қамау мен әділетсіз сот шешімдерін тыюға үндеген.