Футболдан Катарда өтіп жатқан әлем кубогының ширек финалынан кейін Франция мен Марокко командаларының жеңісін тойлаған футбол жанкүйерлері Парижде тәртіпсіздік жасаған. Мыңдаған адам астана орталығына жиналған. Кейбірі Елисей алаңындағы дүкендердің терезесін шағып, қала нысандарын бүлдіруге тырысқан. Тәртіпсіздікке жол бермес үшін полиция жас ағызатын газ және өзге де арнайы құралдар пайдалануға мәжбүр болған.
Daily Mail жазуынша, Париждегі стихиялық шараға 20 мыңға дейін адам қатысқан. Шамамен 1200 сақшы тәртіпті қадағалаған. Футбол жанкүйерлері фейерверк жасап, полициямен текетіресіп қалған. Кемінде 74 адам ұсталған.
Францияда бұрын осы елдің отары болған Мароккодан келгендер көп. Сол себепті жеңісті тойлаушылар еселеп артқан. Осы сәрсенбіде Марокко мен Франция құрамалары ойнаған кезде Париж полициясы күшейтілген дайындық режиміне көшпек.
- Марокко құрамасы 11 желтоқсанда Катардағы чемпионат кезінде 1:0 есебімен Португалия құрамасын жеңген. Ал француздар 2:1 есебімен ағылшын командасын ұтты. Осылайша екі команда да жартылай финалға шықты. Марокко әлем футболында осындай жетістікке жеткен алғашқы африкалық ел.
ПІКІРЛЕР