Accessibility links

Медведев Ресейдің "қырып-жоятын қуатты құралдарымен" тағы қоқан-лоқы көрсетті


Дмитрий Медведев
Дмитрий Медведев

Ресейдің бұрынғы президенті, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Телеграм арнасында Ресей "қырып-жоятын әлдеқайда қуатты құралдар өндірісін" арттырып жатқанын мәлімдеді.

Медведевтің айтуынша, бұл Украина ғана емес, "Еуропа, Солтүстік Америка, Жапония, Австралия, Жаңа Зеландия және өзге де орындарда бой тасалаған" "дұшпандардың" әрекетіне жауап.

Медведев жазбасы Украина өкілдерінің Ресей аумағына соққы жасау мүмкіндігі туралы мәлімдемені талқылағаннан кейін пайда болды. Жазбада ол әдеттегідей оларға шүйліккен. Мәселе Украина Қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов жөнінде болып отырған сияқты. Ол бұған дейін "Украина жаулары шекарадан бастап Владивостокқа дейінгі аралықта отыр" деп мәлімдеген.

Медведевтің нақты қандай қаруды айтып отырғаны белгісіз. Алайда жуырда Ресей президенті Владимир Путин Бішкекте сөйлеген сөзінде Ресей өзінің әскери доктринасына превентивті қарусыздандыратын ядролық соққы жасау құқығын енгізе алады деп мәлімдеген. Путиннің айтуынша, қазір Ресейде гипердыбыстық қару бар, ол онымен соққы жасай алады, ал АҚШ-тың ондай қаруы жоқ. Бірнеше күн бұрын Путин Ресей бірінші болып ядролық қару қолданады деген тұжырымды жоққа шығарған. Оның айтуынша, қазір доктрина "превентивті" емес, жауап соққыны қарастырады.

Медведев осыған дейін де Телеграм арнасында Ресейдің ядролық қару пайдалануы мүмкін екенін айтып, Батысқа қоқан-лоқы көрсеткен.

Жуырда АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Виктория Нуланд пен Германия канцлері Олаф Шольц Ресейді ядролық риторикасын жұмсартып, Украинаға тактикалық ядролық қару пайдалану жоспарынан бас тартуға көндіре алған сияқтымыз деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG