Accessibility links

Тәліптер ауған жерін Қазақстанмен шектестіретін глобус инсталляциясын алаңға орнатқан


Кабул орталығына орнатылған глобус инсталляциясы. Ауғанстан
Кабул орталығына орнатылған глобус инсталляциясы. Ауғанстан

Ауғанстан билігіндегі "Талибан" қозғалысы Кабул орталығына орнатқан глобус инсталляциясында көршілес елдердің жері Ауғанстан аумағы деп көрсетілген. ВВС хабарына қарағанда, тәліптердің "глобусында" Иран, Пәкстан, және Орталық Азия елдерінің жері Ауғанстанға қосылған. Ауғанстан шекарасы Қазақстанмен шектескен. Бұл жөнінде Азаттықтың Түрікмен редакциясы жазды.

"Тәліптердің глобусында" Түркияның Еуропалық бөлігі, Катар, Эстония мен Тайвань көрсетілмеген. Диаметрі 8 метр, салмағы екі тонна, айналып тұратын "глобусты" Кабулдың Дахан-и-Баг алаңына орнатқан.

Инсталляция авторы Исматулла Хабиби картада неғұрлым анық көрінуі үшін ауған жерін үлкейтіп көрсеткенін айтқан.

Тәліптер Ауғанстан билігін 2021 жылдың тамызында алған. Одан бері тәліптер билігі халықаралық деңгейде мойындалмаған.

"Талибан" өкілдігі Ауғанстан өзгенің жеріне көз алартпайтынын, ауған жерін көршілес елдерге қарсы пайдалануға жол бермейтінін бірнеше рет мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG