Accessibility links

Қарағанды тұрғыны "полициядан мүгедектердің ақшасын" қайтаруды талап етіп, өзін өртемек болды


Қарағандыда жергілікті тұрғын 12 желтоқсанда полиция департаменті алдында өзін-өзі өртемек болды. Ол полиция мүгедектер ұйымының тендер бойынша атқарған қызметіне ақшаны толық төлемеді деп наразылық білдірген. Полиция тұрғынды ұстап, департаментке алып кетті, наразылыққа шыққан адам зардап шекпеген.

Ер адамның қолында газ жаққыш пен жарамай құйылған канистр болған. Наразы тұрғын "Полковник Байженов, мүгедектердің ақшасын қайтар" деген плакат алып келген.

Наразылық білдірген адам "ЖанДос" мүгедектер ұйымы төрағасының орынбасары Дәурен Аминов екені айтылды. Азаттық "ЖанДос" ұйымынан пікір алуға тырысқан. Ұйым өкілдері Аминовтің өзінің пікірін күту керегін айтты. Ұсталған ер адамның әріптестері Азаттыққа оның полицияда екенін жеткізді. Полиция да ер адамның ұсталғанын растады, бірақ оған қандай айып тағылған-тағылмағанын айтпады.

Тұрғынның наразылығына полиция мен мүгедектер ұйымы арасындағы дау түрткі болғаны айтылды. Ақпарат құралдарының жазуынша, мүгедектер ұйымы полициямен тендер келісімі бойынша жұмыс істеген, бірақ ақшаны толық алмаған.

Ал Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров "бұл азаматтың талабы сотта жатқан азаматтық іс бойынша шешіледі" деді. Оның сөзінше, наразы тұрғынмен полиция департаменті басшысының орынбасарының бірі келіссөз жүргізіп жатыр. Баспасөз хатшысы наразымен келіссөз жүргізуге кіріскен полицияның атын атамады.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл қоғамдық ұйым полиция бөлімшелеріне қоршау орнату бойынша тендер жеңіп алған. Полиция жұмыс сапасыз жасалды деп, сотқа шағымданған. Ал сот қоғамдық ұйымды келісімдегі жұмысты дұрыс атқаруды міндеттеген. Кейін "ЖанДос" қоғамдық ұйымы келісім-шартты біржақты үзген.

Қазір жұмысты толық орындамау туралы іс сотта қаралып жатыр. Бұл іс бойынша алғашқы сот отырысы 14 желтоқсанға белгіленген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG