Біріккен ұлттар ұйымының балалар қоры саналатын ЮНИСЕФ 2021 жылы "Нобель" сыйлығын алған "Новая газета" басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов аударған 103,5 миллион долларды қабылдап алды. Ол биыл маусымда Нобель медалін Heritage Auctions аукционында осы сомаға сатқан. Муратов түскен ақшаның бәрін қайырымдылыққа жұмсайтынын аукционға дейін айтқан.
"Новая газета"ақшаның қалай бөлінгенін жазған. ЮНИСЕФ ақшаның 70% пайызын украин босқындарының балалары мен олардың отбасыларының қажеттіліктеріне арнаған. "Нобель ақшасының" бір бөлігі босқындарды қолдауға бөлінген. Украинадан қашқан босқындарды қабылдап отырған елдерде 150 мыңға жуық бала мен олардың ата-аналарына алғашқы медициналық жәрдем көрсетілген.
Ақшаның 30% әлемнің кедей елдерінің балаларына бөлінген. Халқы жұқпалы ауру мен аштық зардабын тартып, таза су жетпей атқан Йемен мен Шығыс Африканың кедей елдеріне бірінші кезекте жіберіледі.
12 желтоқсанда Дмитрий Муратовқа тағы бір сыйлық берілді: журналистиканың әлемдегі абыройлы сыйлықтарының бірі - Альбер Лондр атындағы медальдің лауреаты болды. 90 жылдан бері келе жатқан бұл сыйлыққа Муратовтан өзге Украина журналистері Севгиль Мусаева мен Андрей Цаплиенко лайық саналған.
Дмитрий Муратов "демократия мен бейбітшіліктің шарты - ой-пікір еркіндігін қорғауға күш салғаны" үшін 2021 жылы Нобель сыйлығымен марапатталған.
Муратов басқаратын "Новая газета" қоғамдық саяси басылымы Ресейде 1993 жылдан шыға бастаған. 2022 жылдың мамырында Ресейдегі цензураға байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған, ізінше Роскомнадзор талабымен "Новая газета" сайтының лицензиясы да алынған. Редакция қызметкерлерінің бір бөлігі Еуропаға кетіп, "Новая газета - Еуропа" деген жұмысын жалғастырған.
ПІКІРЛЕР