Accessibility links

Адвокат: Бас прокурор Арман Жұмагелдиевті үкім шықпай жатып, кінәлі етті


Арман Жұмагелдиев ұсталған сәт. 2022 жылдың қаңтары
Арман Жұмагелдиев ұсталған сәт. 2022 жылдың қаңтары

Бүгін, 13 желтоқсанда Алматыдағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросында Қаңтар оқиғасы кезінде "қылмыстық топ құрды" деген айыппен қамауда отырған Арман Жұмагелдиевтің ("Дикий Арман" деген лақап атпен де мәлім – ред.) адвокаты Евгений Яворский баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстан бас прокуроры Берік Асылов "Арман Жұмагелдиевтің құқығын бұзды" деп мәлімдеді.

Адвокаттың сөзінше, бас прокурор Берік Асылов парламент мәжілісіндегі сөзінде Арман Жұмагелдиевті сот үкімі шықпай тұрып және жасамаған қылмысы үшін айыпты етіп көрсеткен.

- Бас прокурор мәжілістегі сөзінде Арман Жұмагелдиевті айыпты етіп қана қоймай, үкім де шығарып тастады десе болады. Бас прокурор мәлімдеме жасап тұрғанда Арман Жұмагелдиев "қаруды заңсыз сақтады" және "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген екі айыппен тергеуде отырған. Ал бас прокурор мәжілістегі сөзінде "дүкендерді қиратып, әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасады" деді. Осы сөзден кейін қыркүйекте тағы да айып қосылды, - дейді адвокат Евгений Яворский.

Биыл наурызда бас прокурор Берік Асылов парламент мәжілісінде Қаңтар оқиғасы бойынша қаралып жатқан істерді баяндаған. Ол баяндамада "Арман Жұмагелдиев қылмыстық топтың 14 мүшесімен бірге дүкендерді қиратып, тонап, әкімшлік ғимарттарға шабуыл жасаған" деген еді.

Евгений Яворский бас прокурордың сөзіне наразылық білдіріп, қыркүйек айында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз түсіргенін, бірақ жауап ала алмағанын айтты.

- Бас прокурорды қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін жауапқа тарту мақсатында қыркүйекте арыз түсірдім. Бас прокурордың сот үкімі шықпай тұрып адамды айыпты етіп көрсеткені кінәсіздік презумпциясына қайшы келетінін көрсеттім. Бас прокурор ешкімнің атын атамай сөйлесе бір жөн, бірақ ол Арман Жұмагелдиевті атап айтып, сот үкімінсіз-ақ кінәлі етіп қойды, - дейді адвокат.

Адвокат Евгений Яворскийдің мәлімдемесіне байланысты бас прокуратурадан жауап алу мүмкін болмады.

Қазақстан бас прокуратурасысы қылмыстық тергеу қызметінің басшысы Серік Шалабаев биыл 20 маусымда өткен брифингте Қаңтар оқиғасын ұйымдыстырған 27 адам ұсталғанын, ішінде Арман Жұмагелдиев те бар екенін айтқан.

37 жастағы Арман Жұмагелдиев 7 қаңтарда қамауға алынған. Оған "заңсыз қару сақтады", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, басшылық етті" және "қарақшылықпен шұғылданды" деген айыптар тағылған. Адвокатының сөзінше, Арман Жұмагелдиев бұл айыптарды мойнына алмаған. Қазір Жұмагелдиев тергеу изоляторында қамауда отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG