Accessibility links

Месси бастаған Аргентина финалда. Хорватияда гол салуға мүмкіндік болмады


Леонель Месси мен Хулиан Альварес салған голдар Аргентинаны финалға шығарды. Катар, 13 желтоқсан 2022 жыл.
Леонель Месси мен Хулиан Альварес салған голдар Аргентинаны финалға шығарды. Катар, 13 желтоқсан 2022 жыл.

Футболдан Катардағы әлем кубогында Аргентина құрамасы жартылай финалда Хорватия құрамасын 3:0 есебімен жеңіп, финалға шықты. Әлем футболының жұлдызы Леонель Месси әлем чемпионы атануға екінші рет талпынып көрмек.

Аргентина құрамасының лидері 35 жастағы Месси, осы елдің 22 жастағы үміті Хулиан Альварес және алаңға шыққан тағы тоғыз аргентиналық еш қиындықсыз финалға өтті.

Аргентина-Хорватия матчының 34 минутында Месси пенальтиден есеп ашса, 39 минутта Альварес есепті еселеді. Ал 69 минутта Месси шығарған әдемі пастан Альварес тағы бір гол салды. Хорватия құрамасы 90 минут бойы Аргентина қорғанысынан саңылау таба алмады.

Месси Хорватиямен ойында.
Месси Хорватиямен ойында.

Ойыннан кейін алаңда сұхбат берген Месси "Басымда сантүрлі ой тұр. Стадиондағы жанкүйерлерімізді, ұйымшыл команданы көру, осының бәрін сезіну жүрек тебірентеді. Алда бізді соңғы матч күтіп тұр. Біз осы матчта ойнағымыз келді" деді.

Осылайша Аргентина құрамасы тарихта алтыншы рет әлем чемпионатының финалына шықты (Бұл көрсеткіш бойынша Германия алда тұр – 8 рет). Аргентиналықтар 1978 және 1986 жылы Марадонамен бірге екі рет әлем чемпионы атанған еді. 36 жылдан бері Аргентинаға әлем кубогы арман болып келеді.

2014 жылы Рио-де-Жанейродағы әйгілі "Маракана" стадионындағы финалда Месси бастаған аргентиналықтар Германияға есе жіберіп алған еді. Енді араға сегіз жыл салып, Месси әлем чемпионы атағын алуға талпынып көрмек. Аргентина футболының жұлдызында қазір әлем чемпионы деген атақ ғана жоқ. Бұған қоса, Катардағы жарыс жасы келіп қалған Месси үшін футболшы ретінде соңғы әлем кубогы болуы мүмкін.

Аргентина құрамасының қарсыласы 14 желтоқсанда Франция мен Марокко арасындағы матчта анықталады.

Хорватия құрамасының бас бапкері Златко Далич матчтан соң Аргентина құрамасын жеңісімен құттықтап, "футболшыларымды еш кінәламаймын, келесі матчқа дайындалуымыз керек" деді.

Хорватия құрамасы Франция мен Марокко арасындағы матчтың жеңілгенімен қола медальға таласады. Хорваттар 2018 жылғы әлем чемпионатының финалында Франциядан жеңілген еді.

Аргентина құрамасы Хорватияға салған голды тойлап жатыр.
Аргентина құрамасы Хорватияға салған голды тойлап жатыр.

Матчтан кейін Англия құрамасының экс-ойыншысы Алан Ширер ВВС радиосына "Аргентина лайық болды, бүгін басынан бастап соңына дейін таңдай қағарлық ойын көрсетті. Осы турнирдегі ең керемет ойындары. Өздеріне өте сенімді көрінді әрі алаңның әр бұрышын бақылауда ұстады. Жексенбіде олар тағы да осы мүмкіндіктерін пайдалануға тырысады" деді.

Аргентина құрамасы әлем кубогының басында Сауд Арабиясынан жеңіліп қалғанда көптеген жанкүйер аргентиналықтардың турнирдегі жолына күдікпен қараған. Бірінші матчта жеңілгенімен Аргентина енді әлем кубогының бас матчында доп теппек.

Ал Месси бір өзі бұл чемпионатта бірнеше рекорд орнатты. Мәселен, ол өзі қатысқан әлем кубогы жарыстарында 11-гол салып, Аргентина құрамасының рекордын жаңартты. Сондай-ақ әлем кубогында 25-матч ойнап, германиялық Лотар Маттеустың рекордымен теңесті. Мессидің әлі біраз рекорд жаңартуға мүмкіндігі бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG