Алматының Бостандық аудандық соты Қаңтар оқиғасы кезінде заңсыз ұсталған азаматтың қаржы министрлігінен материалдық және моральдық өтемақы талап еткен өтінішін жартылай орындады.
Бостандық аудандық сотының хабарламасында шағым түсірушінің аты-жөні аталмайды.
Соттың хабарлауынша, Қаңтар кезінде күзет қызметінде істейтін жұмысшы басшылықтың тапсырмасымен нысандарды тексеруге барған кезде оқ тиген. Ізінше оның үстінен "жаппай тәртіпсіздік" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейін "қылмыс құрамы жоқ болғандықтан" іс тоқтатылған.
Шағым түсіруші арызда қылмыстық қудалау денсаулығы мен моральдық күйіне кері әсер еткенін атап өтіп, шығынды өтеп беруді талап еткен. Хабарламадағы мәліметке қарағанда, ол жалақысыз қалуын және көлігінің бүлінуін 1 млн теңгеден астам қаражатқа бағалаған. Жауапкерден моральдық шығын ретінде 10 млн теңге де талап еткен.
Соттың хабарлауынша, шағым түсіруші "өз еркімен жұмыстан шыққандықтан" және "көліктің өзінікі екенін және көліктің бүлінуі мен полиция арасында байланыс барын дәлелдей алмағандықтан" материалдық шығынды өтеу туралы өтінішті қанағаттандырмаған.
Дегенмен оған республикалық бюджет есебінен моральдық шығын ретінде 300 мың теңге және материалдық залалды өтеу ретінде 200 мың теңге өтеу туралы қаулы шығарған.
- Кемінде 238 адамның өмірін қиған, мыңдаған адам жараланған Қаңтар оқиғасынан кейін құқық қорғаушылар заңсыз ұстау және азаптау туралы көп шағым түскенін мәлімдеді. Шағымдардың дұрыс тексерілмей жатқаны туралы да мәлімет жиі айтылады. Құқық қорғаушылардың айтынша, Қаңтардан кейін көп адам мүгедек болып қалған, алайда олардың шағымдары дұрыс тексерілмеген, өтемақы да төленбеген.
- Қаңтардан кейін билік құрған "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры қараша айындағы мәлімет бойынша, оқиғадан зардап шеккен 228 адамға жалпы сомасы 1 млрд 120 млн теңге бөлген. Қор қаза болған күштік құрылым қызметкерлерінің отбасыларына және ауыр жараланған күштік құрылым өкілдеріне, кездейсоқ қаза тапқандардың жақындарына өтемақы берілетінін жариялаған. Бұған дейін Қаңтарда қаза болғандардың кейбірінің туысы билік "жазықтан-жазықсыз жақындарына ауыр айыптар таққанын" алға тартып, оларды ақтауды талап еткен.
ПІКІРЛЕР