Accessibility links

Астанада бір топ адам "алаяқтық" күдігіне ілінген кәсіпкер Асқар Омарды босатуды талап етті


Кәсіпкер Асқар Омарды босатуды талап етіп, Ақордаға хат тапсыруға келген белсенділер. Астана, 14 желтоқсан 2022 жыл.
Кәсіпкер Асқар Омарды босатуды талап етіп, Ақордаға хат тапсыруға келген белсенділер. Астана, 14 желтоқсан 2022 жыл.

Астанада бір топ адам қыркүйекте "алаяқтық" күдігіне ілініп, абақтыға қамалған кәсіпкер Асқар Омарды босатуды талап етіп, президент әкімшілігіне барды. Алматыдан арнайы келген белсенділер Омардың тұтқындалуының саяси астары бар деп санайды. Олардың сөзінше, белсенділер осымен Қазақстан президентіне кәсіпкерге көмектесуді сұрап, екінші рет хат жазып отыр.

– Бұл хатты президент Тоқаевқа тапсырып отырмыз. Енді одан басқа бізде Конституцияның, Конституция орындалуының кепілі жоқ қой. Бүкіл мәселені Тоқаев өзі шешеді. Негізінде мұндай мәселелер жер-жерде шешілу керек. Бұл бірінші хат емес. Негізі бұл төменгі инстанциядан басталған: "аудан шешпейді, одан қала, одан әрі облыс" деп әрі қарай кете береді. Міне, ақыры келіп, осы мәселемен тағы президентке тірелдік, – дейді журналист, белсенді Мирболат Мырзатайұлы.

Белсенділер Асқар Омардың ауыр сырқатқа шалдығуына қарамастан бұлтартпас шарасы өзгертілмей отырғанын алға тартты.

– Одан онкологиялық ауру анықталған. 90 жастағы анасы, отбасы бар. Үйқамаққа ауыстыруға болар еді. Бірақ билік қамап тастады. Біз мұны саяси қуғындау және оған көрсетілген қысым деп есептейміз. Және сырқатына байланысты оған [медициналық] көмек көрсетпеуді азаптау деп бағалаймыз, – деді Марат Тұрымбетов азаматтық белсенді.

Сәлден соң белсенділерді президент әкімшілігінің бір өкілі қабылдап, мәселелерін тыңдаған. Белсенділердің сөзіне қарағанда, ол "тиісті жерге хабарласып, мәселені назарда ұстайтынын" айтқан. Кездесуден шыққан соң белсенділер үйлеріне қайтты.

Азаттық тілшісі әзірге президент әкімшілігінің баспасөз қызметінен Асқар Омардың ісіне байланысты кездесу жөнінде жауап ала алмады.

30 қыркүйек күні Астананың арнайы мамандандырылған соты "Ас-Ай" компаниясының басшысы, кәсіпкер Асқар Омарды екі айға қамауға санкция берген еді. Кәсіпкер "аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады" деген күдікке ілінген. Экономикалық тергеу департаменті дерегінше, Асқар Омар "Қазақстан темір жолына" еншілес "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамына "300 млн теңге зиян келтірген және жымқырған қаржыға Астанадан қымбат пәтер мен мүлік сатып алған". Бизнесмен бұл күдікті жоққа шығарып, Қазақстан президентіне хат жолдаған.

56 жастағы кәсіпкер Асқар Омар соңғы жылдары тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының митингілеріне белсенді қатысып, түрлі жиындарда пікірін ашық айтып танылған. Ол – Қаңтар оқиғасынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазылған "ҰҚШҰ-ға қарсы үндеуге" де қол қойғандардың бірі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG