Accessibility links

"5 млн теңге ақшамызды ала алмай жүрміз". Бір топ адам құрылыс компаниясының әрекетіне шағымданды


Жалақыларын даулаған жұмысшылар Qazaq stroy кеңсесі алдында тұр. Алматы, 14 желтоқсан 2022 жыл.
Жалақыларын даулаған жұмысшылар Qazaq stroy кеңсесі алдында тұр. Алматы, 14 желтоқсан 2022 жыл.

14 желтоқсанда Алматыда Qazaq stroy компаниясынан “ақшамызды ала алмай жүрміз” деген бір топ адам компания кеңсесіне барды. Олардың айтуынша, компания 10 жұмысшыға бірнеше айдан бері 5 млн теңгеден астам ақша қарыз.

–“Қазақстрой” соққан 20 қабатты үйдің электр желісін, жылу желісін жасадық. Жұмысты түгел бітірдік. Қазір біз жұмыс істеген үйде адамдар тұрып жатыр. 18 млн теңгеге келіскенбіз. Төрт айдан асты, 5 млн теңгеден астам ақшамызды бермей отыр, - дейді жұмысшылар бригадирі Жәнібек Әмірбеков.

Алматыдағы Жұмалиев көшесінде орналасқан компания кеңсесіне еңбекақысын даулап барған 10 адамды күзетшілер ғимарат ішіне кіргізген жоқ. Бригадир Жәнібек Әмірбековті ғана жеке қабылдады. Кеңсе ішінде бір сағатқа жуық компания өкілдерімен сөйлесіп шыққан бригадир Qazaq stroy басшылығы дауды бейбіт түрде шешуге уәде бергенін айтты. Бірақ өзге жұмысшылар ол сөзге сене қойған жоқ.

– Уәде беріп келе жатқанына неше ай болды?! Бейбіт түрде шешетініне сенбейміз. Бізді де кіргізсін. Басшыларымен кездесейік. Бүгін ақшамызды бермесе, кетпейміз, - деді кеңсе сыртына шыққан компания қызметкеріне жұмысшылардың бірі.

Еңбекақысын даулап жүргендердің сөзінше, жұмысшылар бұған дейін де осы мәселе бойынша компания кеңсесіне барған. Бірақ ғимарат ішінде оларға "күш қолданған". Жұмысшылар Азаттық тілшісіне сол кезде түсірген видео кадрларды да көрсетті. Видеодан "күзетшілердің" ғимарат ішінде "жұмысшылардың" жағасынан алып жатқаны көрінеді.

Видеодағы күзетшілерге ұқсас қызметкерлер еңбекақысын даулап жүргендерді 14 қарашада да суық қарсы алды. Жұмысшылар компания кеңсесіне кіруге оқталғанмен күзет оларды жібермей қойды.

Компания Азаттыққа да есігін ашқан жоқ. Өзін таныстырудан бас тартқан қызметкер компания тарапынан бұл мәселеге байланысты ешкім пікір білдірмейтінін айтты.

Компанияның ресми сайтында көрсетілген телефонға Азаттық тілшісі қоңырау шалғанда Жанар есімді оператор "сұрақтарды басшылыққа жеткізетінін, бірақ нақты қашан жауап беретінін" айтпады.

Өзін "KEES" ЖШС-нің өкілі ретінде таныстырған Бауыржан есімді қызметкер (аты-жөнін толық айтудан бас тартты) Азаттыққа хабарласып, жұмысшыларға жалақы бермеген компания "Қазстрой" емес, басқа компания екенін айтты.

"Біздің компания "Қазстройға" тапсырыс берген. Ол мердігер компания. Ал оған қосалқы мердігер компания бар. Атын ұмытып тұрмын. Солар жалақы төлемеген тәрізді. Ендеше біздің қатысымыз қандай? Біз жұмысшыларға құжаттарыңды әкеліп көрсетіңдер, "акт сверки" жасаймыз деп айттық. Кешке қарай қарап көреміз" деді қызметкер.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Qazaq Story ЖШС 2020 жылы карантин кезінде Алматы әкімдігі ұйымдастырған 11 мемсатып алуға қатысып, барлығын жеңіп алған. Құрылыс компаниясы жалпы құны 50 млрд теңгеден асатын тендерлерді бір ай ішінде ұтқан. Осыдан кейін Qazaq stroy ЖШС-ның табысы едәуір артып, әп-сәтте "ірі компанияға" айналды.

Qazaq Story компаниясы 2005 жылы «СтройЛэнд ПВ» ЖШС деген атаумен Павлодар облысында құрылған. Ол кезде басшысы Сергей Муляр деген адам болды. Ал 2017 жылы мекен жайы Алматыға ауысып, компания толықтай қазіргі директоры Дмитрий Ли деген азаматқа өтті. Сол жылы атауы да Qazaq Stroy деп өзгерді.

2018 жылы Qazaq Stroy ЖШС-ның құрылтайшылар қатары толықты. Сол кезге дейін басшысы әрі жалғыз құрылтайшысы болып келген Дмитрий Лидің қасына Надежда Артықбаева деген адам қосылды. Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда, компания үлесінің 95 пайызы Артықбаеваға тиесілі.

Надежда Артықбаева Qazaq stroy-дан бөлек, "Ардис"," Автолайн Car Trans, RD Ars, Елимай-Invest, Patron Finance, "Семейный парк развлечений" және Qazaq Project деген түрлі компаниялардың құрылтайшысы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG