Accessibility links

Жарық пен газ тапшылығын "Алланың ісі" деп атаған өзбек имамы сынға ұшырады


Ташкент қаласының бас имамы Рахматулла Сайфиддинов.
Ташкент қаласының бас имамы Рахматулла Сайфиддинов.

Өзбекстанда желтоқсанның алғашқы апталарында энергетика дағдарысы тереңдей түсті. Республикада жарық сағат сайын сөнеді, газ толтыру бекеттерінде ұзын-сонар кезек.

Қоғам наразылығы күшейген тұста Ташкент қаласының бас имамы Рахматулла Сайфиддинов жұртты сабырға шақырып, "ата-бабаларымыз жарық пен газсыз да өмір сүрген" деп мәлімдеген. Бұған қоса, астананың бас имамы мәселені әлеуметтік желілерде көтеру арқылы "елді әлем алдында масқараламауға" үндеген. Сайфиддинов "үрей, тәртіпсіздік және наразылық мәселені шешпейді" деп ескерткен.

Ол жазбасында "әлемдегі барлық нәрсені Құдай тағала жоқ етіп, жоқты бар жасайды" деп жағдайға мойынұсынуға шақырған, наразылыққа ермеу қажеттігін айтқан.

Өзбекстан астанасы бас имамының сөздері қоғам белсенділерінің ашуын туғызды.

Журналист Үміт Сориев имам сөздерін "қарапайым адамдарды құлдыққа итермелеу" деп сипаттаған.

Азаматтық белсенді Мұсанниф Адхамның пікірінше, "жылы мешітте отырып алып қиыншылыққа тап болған адамдарды төзімге үндеу - дінді саудалау".

"Platforma.uz" Telegram-арнасы "саясаткерлер молдаға, ал молдалар геосаясаткерге айналған заман" деп жазды.

Былтыр Ташкент қаласының бас имамы болып тағайындалған
Рахматулла Сайфиддиновтың бұған дейін де бірқатар әлеуметтік тақырыптарға қатысты айтқаны қоғам сынына ұшыраған.

Мәселен, имам 2018 жылы гинеколог-ер азаматтардан арылуға үндеп, түрік сериалдарының өзбек мәдениетіне кері әсері туралы мәлімдеген. "Жыныстық қатынасқа түскен уақытта күйеуін емес, түрік сериалдарындағы сымбатты әртістер туралы ойлайтын әйелдер гей-бала туады" деген Сайфуддинов мешітте айтқан бір уағызында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG