Accessibility links

Әкімдіктер белсенділерге 16-17 желтоқсанда митинг өткізуге рұқсат бермей жатыр


Алматыдағы Республика алаңы. 20 қараша 2022 жыл.
Алматыдағы Республика алаңы. 20 қараша 2022 жыл.

Алматы әкімдігі азаматтық белсенді Әсет Әбішевтің 17-18 желтоқсанда қалада соғысқа қарсы бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермеді. Әкімдік мұның себебін "ескерту беру уақытын сақтамады" деп түсіндірген. Қоғамдық даму басқармасының жетекшісі Айдар Есенбековтің 14 желтоқсандағы хатын #ActivistsNotExtremists құқық қорғау тобының телеграм-каналы жариялады.

Белсенді Алматыдағы митингіде Украинаға көмек көрсетуді, Қазақстанның ҰҚШҰ-дан шығуын; Жаңаөзен, Желтоқсан, Қаңтар оқиғаларындағы адам өлімдерін қайта тергеуді, "одақтас елден" бас тартуды талап етпек болған.

Бұған дейін Астана, Петропавл, Орал және БҚО-дағы Ақсай қаласының әкімдіктері де 16-18 желтоқсанға митинг өткізуге рұқсат бермеген.

Петропавлда құқық қорғаушы Сергей Измайлов 17-18 желтоқсанда митинг өткізу үшін әкімдікке үш рет ескертпе тапсырған, бірақ әкімдік 12 желтоқсанда оған митинг өткізуге рұқсат бермеген. Жергілікті билік 17-18 желтоқсанда митинг өтетін жерде "Жаңа жылға дайындық жүргізілетінін" айтқан.

БҚО Ақсай қаласының әкімдігі де белсенділерге 17 желтоқсанда митинг өткізуге екі рет рұқсет бермеді. Жергілікті билік бірінші өтінішке "белсенділер шара туралы толық ақпарат бермеді" десе, екінші өтінішке "17 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне шара өтеді" деген.

Қазақстанда тәуелсіздік күні 16 желтоқсанда тойланады.

Орал әкімдігі белсенді Бекболат Өтебаевқа 17 желтоқсанда "саяси тұтқындарға бостандық, репрессияға жол жоқ, шынайы саяси реформа жасалсын" деген тақырыптағы митингісін өткізуге мүмкіндік бермеді. Әкімдік "Өтебаев шара туралы толық мәлімет бермеді" дейді.

Астана әкімдігі де белсенділерге 17 желтоқсанда Аштық құрбандары ескерткішінің алдында митинг өткізуге рұқсат етпеді. Әкімдік ескерткіш митинг өткізу орындарының қатарына кірмейді деген.

Қарағанды мен Көкшетауда да белсенділер 17-18 желтоқсанда митинг өткізуге рұқсат ала алмады.

Қазақстанда жұрт бейбіт наразылық өткізу үшін алдын ала жергілікті билікке ескертуі керек. Құқық қорғаушылар Қазақстанның бейбіт митинг туралы заңы халықаралық стандарттарға сай келмейді, азаматтардың ойын ашық айтуға мүмкіндік бермейді деп сынайды.

Қазақстанда жыл сайын халық 16 желтоқсанда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасының құрбандарын еске алады.

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде полиция алаңда бірнеше айдан бері жалақы өсіруді талап етіп тұрған мұнайшыларға оқ атып, 17 адам қаза тапқан еді, жүзден аса адам жараланған.

Қазақстан биыл Тәуелсіздік күнін 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы болған жылы атап өтпек. Қаңтардың басында Жаңаөзенде жұрт сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылыққа шыққан. Кейін елдің түпкір-түпкірінде халық Жаңаөзенді қолдап, алаңға барған. Ал 5 қаңтарға қараған түні бұл бейбіт митинг соңы тәртіпсіздікке ұласып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG