Accessibility links

Саакашвили аштық жариялап, бірнеше сағаттан соң тоқтатты


Клиникадағы Михаил Саакашвили.

14 желтоқсанда Тбилисидегі "Вивамеди" клиникасында аштық жариялаған Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили бірнеше сағаттан соң аштығын тоқтатты.

"Билік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін" алты жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы президенттің мәлімдемесін адвокаты оқып берді. Онда экс-президент сыншылардың өзін "денсаулығын саналы түрде құртып жатыр" деп айыптауына жол бергісі келмейтінін және Еуропарламент депутаттарының да құқығының сақталуын қадағалаймыз деп уәде бергендігін атап көрсеткен.

Аштыққа Грузия әділет министрлігіне қарасты қылмысты атқару департаментінің оған аурухана палатасынан сотқа онлайн қосылуына рұқсат бермеуі себеп болған. Аштықты тоқтату туралы өтініште талабының орындалғаны-орындалмағаны айтылмайды.

Дәрігерлер бұрынғы мемлекет басшысының денсаулығының нашарлауына алаңдаушылық білдіреді.

Адвокаттар мен "Біртұтас ұлттық қозғалыс" оппозициялық партиясындағы жақтастары жазаны шегеріп, Саакашвилиді Еуропаға емделуге жіберуге күш салып отыр.

Басқарушы "Грузин арманы" партиясының төрағасы Ираклий Кобахидзе 14 желтоқсанда журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұрып, Саакашвилиді "қылмыскер" деп атап, соның басқаруы кезінде "2008 жылы Грузия территориясының 20 пайызынан айырылды" деп мәлімдеді.

Михаил Саакашвилиді Тбилиси соты 2005 жылы "оппозиция депутаты, кәсіпкер Валерий Гелашвилиді арнайы жасаққа ұрғызғаны үшін" алты жылға бас бостандығынан айырған. Қазір бұрынғы президент тағы үш істе айыпталушы танылған. Арасында "Грузияның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту" бабы да бар. Ол ұзақ жылдан кейін былтыр қазанда еліне оралған кезде ұсталған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG