Accessibility links

Бас прокуратура: Нүкіс оқиғасы бойынша күш қолдану ісі бөлек қаралады


Қарақалпақстандағы наразылық. 1 шілде 2022 жыл.
Қарақалпақстандағы наразылық. 1 шілде 2022 жыл.

Биыл 1-2 шілдеде Нүкісте болған жаппай наразылық кезінде құқық қорғау органдарының қару қолдану жағдайы бөлек қаралады. Өзбекстан бас прокуратурасы осылай деп мәлімдеді.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, екі адамның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Нәтижесіне қарай шешім қабылданбақ.

Бас прокуратура өкілдері "егер алдын ала тергеу полицияның билік өкілетін асырғаны немесе құралдарды негізсіз қолданғанын анықтаса, онда сот процесі ашық қаралады" деді.

"Жаппай тәртіпсіздік кезінде арнайы құралдар мен қару-жарақ 1 шілдеде Жоғарғы кеңес ғимараты алдында, 2 шілдеде Нүкіс ішкі істер бөлімшесі алдында стратегиялық нысандарды қорғау мақсатында қолданылды. Бұл фактілер бойынша тергеу ісі жалғасып жатыр. Бұл бөлек қаралады" деді бас прокуратура өкілдері.

Қарақалпақстандағы оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық істерде 171 айыпталушы бар. Қазір Бұқарада 22 адамның соты жүріп жатыр.

Айыпталушыларға "жаппай тәртіпсіздік", "қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін материал әзірлеу", "Өзбекстанның конституциялық құрылымын құлату немесе билікті басып алу мақсатында сөз байласу" баптары бойынша айыптар тағылған.

Айыпталушылар арасында "Ел қызметінде" (Эл хызметинде) газетінің адвокаты Дәулетмұрат Тәжімұратов, Makan.uz сайтының құрылтайшысы, журналист Лолагүл Каллыханова бар.

Биыл шілдеде Қарақалпақстанда Ташкенттің Конституцияны өзгерту туралы бастамасына қарсы наразылық тұтанған. Ташкент ұсынған түзетулер арасында Қарақалпақстанды Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыратын пункт те бар.

Қарақалпақстандағы наразылықты басып-жаншу кезінде кемінде 21 адам қаза болған, арасында күштік құрылымның төрт қызметкері бар. 270-тен астам адам жараланған.

Жаппай наразылықтан кейін Ташкент даулы түзетулерді жобадан алып тастады. Билік тәртіпсіздікті "қоздырған" сыртқы күштерді айыптады.

XS
SM
MD
LG