Accessibility links

Тоқаевтың инаугурациясы күні Астанада "митинг ұйымдастырған" Марат Әбиев екі айға қамалды


Астананың бұрынғы Мега орналасқан аумағына жиналған жұрт. 26 қараша 2022 жыл.
Астананың бұрынғы Мега орналасқан аумағына жиналған жұрт. 26 қараша 2022 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясы өткен күні Астанада "митинг ұйымдастырған" кәсіпкер Марат Әбиев екі айға қамалды, деп хабарлады Астана сотының сайты.

"2022 жылғы 12 желтоқсанда Астана қалалық арнайы ауданаралық тергеу соты күдікті Марат Әбиевті екі айға қамау туралы шешім шығарды" деп хабарлады сот.

Әбиевтің үстінен қандай бап негізінде қылмыстық іс қозғалғаны Астана қалалық сотының хабарламасында ештеңе айтылмады. Қалалық соттың баспасөз қызметі қосымша мәлімет беруден бас тартты.

Мұның алдында Астана әкімшілік соты Марат Әбиевті 15 тәулікке қамаған. Сол кезде Әбиевке қарсы екі әкімшілік іс ашылғаны хабарланған: "рұқсатсыз митинг ұйымдастыру мен өткізу" және "полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбау".

Іс материалдарына сәйкес, 26 қарашада Әбиев Қорғалжың күре жолы ауданында, "Думан" ойын-сауық кешені алдында астана әкімдігінің рұқсатынсыз "митинг ұйымдастырған", "полиция қызметкерлерінің талаптарын "орындаудан бас тартқан".

26 қарашада кешке Астанада кем дегенде ондаған адам ұсталды. Сол кезде астанада интернет істемей қалды. Кейін ІІМ 18 адам ұсталып, әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады. "Шараға барлығы 300 адам жиналған, бір сағаттан соң Ақордаға қарай жүру жөнінде үндеу тасталған".

Биыл мамыр айында жергілікті басылымдар Әбиевтің жан-жақтан жиналған жақтастары Астанаға "концертке келе жатқанда" полицияның оларды қалаға кіргізбей қойғанын жазған. Астана әкімдігі "Әбиевке концерт ұйымдастыруға рұқсат берілмесе де, ол адамдарды алдап қалаға шақырып жатқанын" айтқан. Интернетте жаппай тәртіпсіздіктің "жолы кесілгені" де жазылды. Ал Әбиев Ulysmedia.kz сайтына "заңға қайшы іс жасау ойында болмағанын", "саясатпен айналысу ойында жоғын" жеткізген.

XS
SM
MD
LG