Accessibility links

Польша сеймі Ресейді терроризмді қолдайтын ел деп таныды


Польша ұлттық ассамблеясының төменгі палатасы Ресейді терроризмді қолдайтын ел деп таныды. Бұл жөнінде сәрсенбі күні қабылданған сейм қаулысында жазылған.

Құжатта Ресей "адам құқығын, халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысы мен өзге де міндеттемелерді жүйелі түрде бұзады", "өзге мемлекеттің территориясына басып кіреді", "қарулы шабуыл жасап, әскери қылмыс, геноцид жасайды" деп жазылған. Бұған қоса, құжат авторлары Ресей "экономикалық тұрғыда да қылмыс саналатын әрекетпен айналысады" деп Ресейдің Украинадағы энергетика нысандарын атқылап, қиратып жатқанын меңзеген.

Бұған дейін Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты бірнеше ел парламенті Ресейді терроризм немесе террористік режим демеушісі деп жариялаған. Сондай қарарды Еуропарламент те мақұлдаған.

АҚШ конгресі осыған ұқсас бірнеше құжатты енгізгенмен әлі күнге дейін бірде-бірі қабылданған жоқ. Дегенмен жуырда Америка сенатының халықаралық қатынас жөніндегі комитеті Ресейдің Украинадағы әрекетін украин халқына жасалған геноцид деп таныған. Құжат авторлары президент Джо Байденді геноцидке қатысы бар адамдарға "Магнитский актісін" қолданып, санкция салуға үндеген.

Ресей Украинадағы бейбіт халықты өлтіргенін мойындамайды. Ол жөнінде ақпарат таратқандар Ресейде "орыс армиясы туралы жалған ақпарат тарату" бабы аясында қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG