Accessibility links

Reuters: Ресей Үндістанға мұнайының бір баррелін 35 доллардан сатады. Бұл нарық бағасынан екі есе кем


Ресей желтоқсанда Үндістанға Urals маркалы мұнайын шектік бағадан (60 доллар) әлдеқайда төмен бағаға сатқан, деп жазды төрт дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі.

5 желтоқсанда Ресейдің теңіз арқылы тасымалданатын мұнайын ЕО-ға экспорттауға тыйым салу және Ресейдің танкерлік мұнайының баррелін 60 доллардан асырмайтын бағаға сатып алу туралы ереже күшіне енген. Оны Еуроодақ, "Үлкен жетілік" елдері және Австралия мақұлдаған. Ресей өндірісті азайтуға тура келсе де, баға шегін сақтамайтынын мәлімдеген.

Енді Мәскеу мұнайын өткізетін балама нарық, негізінен Азиядан іздеп жатыр деп жазды агенттік. Екі трейдер агенттікке Батыс елдерінің әрекеті Ресей өндірушілерін Азия, Еуропа және Таяу Шығыс елдерінің тасымалдаушыларымен бірге қатаң бәсеке жағдайында қалдырғанын айтқан. Сол себепті Мәскеу мұнайын арзан сатуға мәжбүр болған.

Соғыс басталғалы бері Үндістан Ресейдің Urals маркілі мұнайын сатып алатын негізгі сатып алушыға айналған. Агенттік дереккөзінше, желтоқсанда Үндістан порттарында жасалған кейбір келісімге сәйкес, Urals маркалы мұнайдың әр баррелі Brent'тің айлық орташа бағасымен салыстырғанда сақтандыру мен кемемен жеткізу құнын есептегенде 12-15 долларға түсіп кеткен.

Агенттіктің жазуынша, өндірушілерге қысым әсіресе Ресейдің батыс порттарында үдеген. Мұнда суық кезде тасымалдайтын кеме жетіспегендіктен жүкті тасымалдау құны (фрахт) артқан. Ақпаратқа қарағанда, фрахт бағасы мұнайдың әр баррелі үшін 11-19 долларға дейін қымбаттаған. Жыл басында мұның бағасы – 3, жыл ортасында 6 доллар болған.

Трейдерлердің айтуынша, Ресей тасымалдаушылары өз кемелерімен немесе серіктестердің көмегімен Urals мұнайын Үндістанға жеткізуге тырысып жатыр, бұл жол шығынын азайтуы мүмкін. Алайда көптеген өндірушілер бұрынғыша сауда фирмаларының қызметіне жүгініп отыр. Бұл олармен кез келген табысты бөлісу керек дегенді білдіреді.

Үндістан – Қытайдан кейін мұнайды көп пайдаланатын Азиядағы ең ірі тұтынушы, бірақ Қытайға қарағанда Үндістанға дейін теңізбен мұнай жеткізу жылдамырақ. Үндістан Ресей компанияларының кемелері мен сақтандыру төлемдерін мойындайды. Refinitiv Eikon мәліметінше, Urals маркалы мұнайын Үндістанға жеткізу көлемі өткен айда 3,7 млн тоннаға жетіп, теңіз порттары арқылы келетін жалпы шикізат көлемінің рекордтық 53,2% пайызын құраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG