Accessibility links

Павлодар облысында Еурокеңес жетекшісіне видеоүндеу жасаған тұрғын бес тәулікке қамалды


Белсенді Жанат Жамалиев Еурокеңес жетекшісі Шарль Мишельге видеоүндеу жасап тұр. 26 қазан 2022 жыл.
Белсенді Жанат Жамалиев Еурокеңес жетекшісі Шарль Мишельге видеоүндеу жасап тұр. 26 қазан 2022 жыл.

Павлодар облысында Байет ауылының тұрғыны, белсенді Жанат Жамалиев "үкімді орындамағаны үшін" бес тәулікке қамалды. Бұл жөнінде "Белсенділер – экстремист емес" құқық қорғау тобының Телеграм-арнасы белсендінің әйелі Әсел Жамалиеваға сүйене отырып хабарлады.

Шешімді 14 желтоқсанда Павлодар облысы Екібастұз аудандық соты шығарған.

49 жастағы Жамалиевті 14 қарашада экстремизм бөлімі қызметкерлері үйінен ұстап, полиция бөліміне жеткізген. Бұған оның Фейсбук парақшасында қазан соңында Еурокеңес жетекшісі Шарль Мишельге арнап жазған видеоүндеуі негіз болған. Сол күндері Шарль Мишель Қазақстанға келген еді. Видеондеуде белсенді елде демократия жоғын, белсенділер қудаланып жатқанын, Қаңтар оқиғасынан кейінгі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "жаңа Қазақстан" жайлы концепциясы әншейін көзбояушылық екенін айтқан.

"Бейбіт акцияға шықпасын, өз құқықтарымызды қорғамасын деп билік кешеден бері (14 желтоқсан – ред.) мені аңдып жүр" деді белсенді 26 қазан күнгі видеода.

Сот шешіміне қарағанда, Жамалиев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, пікір айтуға құқығы барын айтқан. "Белсенділер – экстремист емес" тобының айтуынша, Жамалиев тоғыз айдан бері тіркеуге қол жеткізе алмай жүрген оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясын белсенділер тағы тіркету үшін құжат тапсыруға баратын күннің алдында қамаған.

Былтыр маусымда Павлодар соты Жамалиевті "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" бір жылға бостандығын шектеп, үш жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған еді. 14 желтоқсанда сот Жамалиевтің сол үкім шарттарын орындамай отырғанын алға тартқан.

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда соттар "экстремизм" бойынша айыпталып, сотталған ондаған белсендіге қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салып, қосымша жаза белгілеген. Құқық қорғаушылар мұндай практика совет кезеңіндегі қуғын-сүргін әдістерін еске салады дейді.

Былтыр Жамалиевпен бірге Павлодар соты тағы төрт азаматтық белсендіні соттаған: Нұргүль Қалуова, Дарын Хасенов, Қалиасқар Әміренов және Мақсұт Аппасов.

Құқық қорғаушылар Қазақстан билігін елдегі адам құқығы ахуалына байланысты сынайды. Белсенділер қудалауға жиі шағымданады. Елде бейбіт наразылық өтеді деп жарияланған кезде алдын ала ұстаулар басталады. Астана айыптауларды жоққа шығарады. Құқық қорғаушылар 2020 жылы қабылданған бейбіт жиын туралы жаңа заңның халықаралық стандартқа сәйкес келмейтінін айтқан. Ал билік құжатты "демократияға жаңа қадам" деп атаған.

XS
SM
MD
LG