Accessibility links

"Өз елінің мүддесін қорғау үшін қолдарына қару алуы мүмкін". Литва ресейліктер мен белорустарға қару ұстауға тыйым салды


Литва парламенті.
Литва парламенті.

Литва сеймі елде тұрып жатқан ресейліктер мен белорустарға қару сатып алып, иеленуіне тыйым салатын заң қабылдады. Құжатқа 106 депутат қолдап дауыс берді, он депутат қалыс қалды, деп жазды Delfi сайты.

Заң 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Заң ресейліктер мен белорустарға қару-жарақ сатып алып, сақтауға, оқ-дәрі мен қару жабдықтарын алуға тыйым салады. Заң қаруды аңшылық, қорғаныс, кәсіби қызмет, коллекциялау, ғылыми зерттеу мақсатында да қолдануға рұқсат етпейді.

"Қастық ниеті бар шетел мемлекетінің мұнда тұрып жатқан азаматтары идеология жетегінде кетіп, өз елдерінің мүдделерін қорғаймын деп қолдарына қару алуы мүмкін" деді ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі комитет төрағасы Лауринас Кащюнас. Оның сөзінше, бұл шара Литваның қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге бағытталған.

Құжат түсініктемесінде қару ұстауға немесе сақтауға Ресейдің – 294, Беларусьтің 46 азаматының рұқсаты бары жазылған.

Қазан басында Латвия да қару-жарақ туралы заңға түзетулер енгізген. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Латвияда азаматтығы жоқ және елде уақытша тұрып жатқан азаматтардың қару ұстауына рұқсат жойылады. НАТО, Еуропаның еркін сауда жөніндегі қауымдастығына мүше елдер, Австралия, Бразилия, Жаңа Зеландия немесе Украина азаматтарына тыйымның қатысы жоқ.

Бұған дейін Эстония да 1 желтоқсаннан бастап өзге елдің азаматтарын қару-жарақ ұстау құқығынан айырған еді.

XS
SM
MD
LG