Ресей украин қалаларын тағы атқылап жатыр. Украинаның барлық аймағында әуе дабылы іске қосылған.
Киев облысында әуе шабуылынан қорғайтын жүйе істеп тұр. "Жау жағы Украинаны жаппай атқылап жатыр. Қауіпсіздік күшейтілген. Тасада отырмыз" деп жазды облыстық әскери әкімшілік жетекшісі Алексей Кулеба.
Киевте де жарылыс болған. Киев мэрі Виталий Кличко қаланың Деснянск, Днепр, Голосеев аудандарындағы нысандар қирағанын айтты. Харьков облысының әкімшілік жетекшісі Харьковтегі инфрақұрылымдарға соққы жасалғанын хабарлады. Қала тұтас жарықсыз қалған. Полтавада да жағдай осыған ұқсас. Украинаның бірқатар аймағында, оның ішінде Киевте де электр үзіліспен берілген. Кривой Рог, Днепр, Запорожье және Винницада да жарылыс болғаны хабарланды. Қанша адамның зардап шеккені белгісіз.
Ресей Украинаның энергетика нысандарын кезекті рет жаппай атқылап жатыр. Соңғы рет мұндай соққылар 5 желтоқсанда жасалған. 11 желтоқсанда Одессаға дрондармен шабуыл жасалды.
ПІКІРЛЕР