Халықаралық ғарыш станциясымен түйіскен "Союз-МС 22" ғарыш кемесінде температура күрт көтерілген. РИА "Новости" агенттігіндегі дереккөздер кеме ішіндегі температура 50 градустан асып кеткенін айтты. Ал "Роскосмос" өкілдері жұмыс модулінің ішінде температура жоғарылағанын растағанмен +30 градустан аспағанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, 15 желтоқсанда ғарыш кемесінің суыту жүйесінде ақау болған, алайда қазіргі кезде ғарышкерлердің өмірі мен денсаулығына еш қауіп жоқ.
"Союз-МС" кемесіндегі ақауды ғарышкерлер Сергей Прокопьев пен Дмитрий Петелин, сонымен бірге халықаралық ғарыш станциясындағы экипаж да жоюға тырысып жатыр. Апаттың салдарынан Прокопьев пен Петелиннің ашық ғарышқа шығуы кейінге шегерілген.
"Роскосмос" өкілдерінің болжамынша, ақауға сыртқы радиаторға микрометеориттің тиюі себеп болуы мүмкін. "Роскосмос" агенттігінің ғарыш бағдарламалары жөніндегі атқарушы директоры Сергей Крикалев апатқа алаңдаған. Егер мамандар кемедегі температураны қалыпты нормаға келтіре алмаса, ғарышкерлер Жерге белгіленген мерзімнен ертерек оралуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР