Accessibility links

Ақтөбеде балаларды жарысқа апара жатқан көлік жол апатына ұшырап, бір бала қаза болды


Жол апатына ұшыраған көлік. Ақтөбе облысы, 17 желтоқсан 2022 жыл. Ақтөбе полициясы таратқан сурет.
Жол апатына ұшыраған көлік. Ақтөбе облысы, 17 желтоқсан 2022 жыл. Ақтөбе полициясы таратқан сурет.

17 желтоқсан күні Ақтөбе облысында волейболшылар жарысына бара жатқан балалар отырған көлік жол апатына ұшырады. Көліктегі 9 баланың біреуі оқиға орнында қаза болған. Төрт бала Ақтөбедегі балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде. Дәрігерлер олардың біріне ота жасалғанын, біреуіне ота жасалып жатқанын хабарлады. Қалғандары түрлі жарақат алған.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» тас жолының 68-шақырымында болған. Темір ауданының 32 жастағы тұрғыны «Toyota Estima» автокөлігімен волейболшы балаларды Шұбарқұдық кентінен облыс орталығы Ақтөбеге алып келе жатқан. Автокөлік тас жолдан таңертеңгі 9:30 шамасында аударылып кеткен. Полиция жол апатына не себеп болғанын тексеріп жатыр.

Темір ауданы әкімдігі өкілінің сөзінше, автокөлікте балалардан өзге аудандық спорт кешенінің жаттықтырушысы да болған.

«Жаттықтырушы хал үстінде жатыр» деп хабарлайды әкімдік.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, жол апатынан 2010 жылы туған Бекарыс Сәрсенбай қайтыс болған. Отбасындағы үш баланың кішісі Бекарыс Сәрсенбай Шұбарқұдықтағы №4 мектептің оқушысы.

Жол апатынан жарақат алған балалар ауруханаға 17 желтоқсан күні сағат 12-лер шамасында жеткізілген. Дәрігерлер төрт баланың халі өте ауыр екенін айтады.

- Жан сақтау бөліміндегі балалар 2010 жылы туған. Олар бас-ми жарақатын алған, сүйектері сынып, бір пациенттің көк бауыры жыртылған, - деп хабарлайды Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Кей мәліметтерге қарағанда, «Toyota Estima» автокөлігінің жүргізушісі де Темір ауданындағы спорт кешенінде жаттықтырушы болып істейді. Екі жаттықтырушы волейболшы балаларды Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырған жасөспірімдер кубогіне алып келе жатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG