Accessibility links

Ресей тергеу комитеті балаларды өлтіруді ұсынған Красовский сөзінен "қылмыс құрамын таппады"


Журналист Антон Красовский
Журналист Антон Красовский

Ресей тергеу комитеті мемлекеттік RT телеарнасында балаларды өлтіруді ұсынған журналист Антон Красовскийдің сөзінен қылмыс құрамын таппаған. Ведомство өкілдерінің айтуынша, журналистің сөзінде "қылмысқа дайындау немесе жасау туралы мағлұмат жоқ".

Тергеу комитетінің жауабын Мәскеу қалалық думасының депутаты Евгений Ступин Твиттер парақшасында жариялады.

20 қазанда Красовский RT арнасындағы авторлық бағдарламасында Ресей Украинаны жаулап алып жатыр деп санайтын орыстілді украин балаларын өлтіруді ұсынған.

1 қарашада Ступин Ресей тергеу комитетінен Красовскийдің сөзінде "экстремизм мен өшпенділікті қоздыру" бар-жоғын тексеруді сұраған. Ол ведомство өзі тексерер ме деп күткенін айтқан.

Оған жауап бір айдан астам уақыттан кейін келген. Депутат жауапты 17 желтоқсанда әлеуметтік желіде жариялады.

"Аталған мәлімдемеде кәмелетке толмаған балаларға қарсы қылмыс жасау немесе дайындау туралы мағлұмат жоғын хабарлаймыз" деп жазылған жауапта.

Красовский тергеу комитетінің жауабы жарияланғаннан кейін телеграмда "жүрегі орнына түскенін" жазды. "Менің сөзімнен шошынған немесе қатты қапаланған адамдардан кешірім сұраймын" деді ол.

Красовский сөзінен кейін RT бас редакторы Маргарита Симонян журналистің эфирден шеттетілгенін хабарлады. Ол Красовский сөзін "тағылық әрі жиіркенішті" деп атаған. Жүргізуші Симонян мен RT әріптестерінен кешірім сұраған.

XS
SM
MD
LG