Норвегия Ресей азаматтарына виза бергісі келмейді, тіпті норвегтердің ұйымдары шақырса да бермейді. Бұл жөнінде Barents Observer сайты Норвегия ұйымдарына сілтеп хабарлады. Норвегия ұйымдары кейінгі айда түрлі іс-шараларға Ресей азаматтарының қатыса алмағанын айтқан.
"Норвегия Ресей азаматтарына виза бермейді деген ресми ақпарат жоқ. Алайда біз шақыру қағазын көрсетсек те виза беруден бас тартып отыр", - дейді Киркенестегі "Terminal B" арт-кеңістігінің қызметкері.
Норвегия билігі Ресей азаматтары өз еліне қайтпай қоя ма деп қауіптенеді. Батыстың құқық қорғау ұйымдарымен ынтымақтастықта жұмыс істейтін Ресей азаматтарына да виза беруді доғарған.
Еуропа одағы қыркүйектің бас кезінде Ресей азаматтарына виза беру тәртібін қатайтқан. Норвегия Еуропа одағына қосылмағанымен, Шенген келісімінде бар ел. Еуропа одағы журналистерге, белсенділерге, азаматтық қоғам өкілдеріне виза беруді жалғастыратынын мәлімдеген. "Норвегия мұны да ескергісі келмейтіні байқалады" дейді Barents Observer.
Норвегия билігінің өкілдері визаны Норвегияда тұратын туыстары бар адамдарға және іскерлік сапармен, мәдени мақсатпен келетіндерге беретінін мәлімдеген. Ресейде қысым көрген тұлғалар да Норвегиядан саяси пана сұрауына болады, бірақ ол үшін де Норвегия жеріне жету керек.
Ресеймен шектесетін Шенген аймағының елдері қыркүйекте қолдарында визасы бар адамдарды да шекарадан өткізбей қойған. Мұндай қадамға бармаған жылғыз ел Норвегия болатын.
ПІКІРЛЕР