Accessibility links

Гүлмира Сатыбалдының үстінен қозғалған қылмыстық істің екі эпизоды бойынша тергеу аяқталған


Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелінің үстінен қозғалған қылмыстық істің екі эпизоды бойынша тергеу аяқталғанын хабарлады.

"Гүлмира Сатыбалдының үстінен қозғалған қылмыстық істің адам ұрлау және кәсіпорын үлесін заңсыз иелену фактілері бойынша тергеу аяқталды. Жәбірленушіге келтірілген шығын 6,6 млрд теңгеден асады (қазіргі валюта бағамы бойынша 14,1 миллион доллар)", - дейді агенттік.

Ведомство мәліметіне қарағанда, 15 желтоқсанда қылмыстық іс айыптау актісімен қоса прокуратураға жіберілген.

"Гүлмира Сатыбалды, ол бақылайтын "Ария – Жаңа Астана" компаниясының жетекшілігі және мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлері құрылысқа бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген де күдікке ілініп отыр. Мемлекетке келтірілген шығын тергеу кезінде толық өтелді. Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды, іс күдіктілер мен олардың адвокаттарына танысуға жіберілді. Гүлмира Сатыбалдыға тағылған өзге айыптар бойынша тергеу жалғасып жатыр,"- дейді жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды биыл наурыз айында қамауға алынған соң оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының үстінен де тергеу басталған. Бастапқыда ол 747 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінген. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кейіннен Гүлмира Сатыбалдының үстінен "адам ұрлап, бостандығынан заңсыз айырды, бірқатар кәсіпорындардың активтерін заңсыз иеленді" деген айыптармен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Қайрат Сатыбалды "Қазақтелеком" және "Көлік сервисі орталығынан" ондаған миллиард теңге қаржы жымқырды деген айыппен алты жылға сотталған. Оның шығынды өтегені сот кезінде айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG