Ақтөбеде волейболшылар командасы жол апатына ұшырағаннан кейін Темір аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Өткен сенбіде тоғыз оқушыны жарысқа апара жатып, "Toyota Estima" автокөлігі аударылған еді.
Олардың ісі Қылмыстық кодекстің "салғырттық" (371-бап 2-бөлімі), "балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау" (141-бап 1-бөлімі) баптары бойынша сараланады. Спорт мектебі басшыларының әрекетіне әлі толық құқықтық баға берілмеген. Қанша адамның үстінен іс қозғалғаны белгісіз.
Спорт мектебінің директоры Руслан Кенжеғалиев оқушыларды жарысқа апару туралы бұйрық бермегенін айтады.
- Осы салада 16 жылдан бері істеймін. Өз практикамда бірде бір рет арнайы автобуспен, ГАИ қызметкерлерінің жол бастауымен жарысқа барған емеспін. Өйткені автобус жоқ. Аудан мен облыс орталығына автобус қатынамайды. Жарысқа кейде пойызбен, кейде таксимен барамыз. Бұл жолы да солай болды. Жыл соңы болғасын қаржы болмады. Сол себепті жаттықтырушы демеуші іздеп жүрді. Бірақ мен олардың жолға шығып кеткенінен бейхабармын. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын балалар еді. Арасында балдызым да бар. Өкініш өзегімді өртеп барады,-дейді ол.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, балаларды жарысқа алып келе жатқан "Toyota Estima" автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі де Темір аудандық спорт мектебінің қызметкері. Ол көлік жүргізіп келе жатып қалғып кеткен. Ішімдік ішпеген, сегіз орындық салонда 11 адам болған. Көлік жүргізушісі оқиға болған күні қамалған. Қазір оны жол апаты болған ауданы - Алға аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тергеп жатыр.
- Жарысқа қатысушылар 8 адамнан асса арнайы автобус бөлінеді. Ол үшін спорт мектебі басшылары үш күн бұрын аудандық білім бөлімі мен жергілікті полицияға хабар беруі тиіс еді. Темір аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі құзырлы мекемелерді хабардар етпестен мектеп қызметкерінің жеке көлігімен жолға шыққан, - деп хабарлайды полиция.
Ақтөбе облыстық спорт басқармасы басшысы Евгений Гончаровтың сөзінше, облыстағы 38 спорт мектебінің тоғызында ғана автобус бар. Қалған мектептер жарысқа шығар алдында білім бөліміне тиесілі көліктерді жалға алады.
-Бұл он жылдан бері келе жатқан дәстүрлі жарыс. Оған биыл облыстағы он спорт мектебінің волейболшылары қатысты. Өзге мектептер жарысқа пойызбен, автобустармен келді. Темір аудандық спорт мектебінің ұжымы ғана жолға жеке көлікпен шыққан, -дейді Евгений Гончаров.
Балаларды жарысқа алып келе жатқан Темір аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі жаттықтырушысы әлі есін жимаған.
- Жаттықтырушының жағдайы өте ауыр. Ота жасалды, алтыншы, жетінші омыртқасы сынған. Пациент жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Сондай-ақ, жол апаты кезінде ауыр жараланған балалардың екеуі әлі ес жиған жоқ,-деп хабарлайды Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
17 желтоқсандаАқтөбе облысында волейболшылар жарысына бара жатқан балалар отырған көлік жол апатына ұшыраған. Көліктегі 9 баланың біреуі оқиға орнында қаза болған.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты "Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық" тас жолының 68-шақырымында болған. Темір ауданының 32 жастағы тұрғыны "Toyota Estima" автокөлігімен волейболшы балаларды Шұбарқұдық кентінен облыс орталығы Ақтөбеге алып келе жатқан. Автокөлік тас жолдан таңғы 9:30 шамасында аударылып кеткен. Полиция жол апатына не себеп болғанын тексеріп жатыр.
Кей мәліметтерге қарағанда, "Toyota Estima" автокөлігінің жүргізушісі де Темір ауданындағы спорт кешенінде жаттықтырушы болып істейді. Екі жаттықтырушы 2010 жылы туған волейболшы балаларды Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырған жасөспірімдер кубогіне әкеле жатқан.
ПІКІРЛЕР