Accessibility links

Астанада экс-полицейлердің әйелдері сотқа қарсы пикет өткізді. Олар "кафеде төбелесті" деп айыпталған


"Бұзақылық" бабымен істі болған Құндыз Серікова (сол жақта) және Айжан Сәндібаева Жоғары соттың алдында пикет ұйымдастырып тұр. Астана, 19 желтоқсан 2022 жыл.
"Бұзақылық" бабымен істі болған Құндыз Серікова (сол жақта) және Айжан Сәндібаева Жоғары соттың алдында пикет ұйымдастырып тұр. Астана, 19 желтоқсан 2022 жыл.

19 желтоқсанда Астанада Маңғыстау облысының бұрынғы көші-қон полициясы офицерлерлерінің әйелдері Айжан Сәндібекова мен Құндыз Серікова Жоғары сот алдында наразылық өткізді.

Екі әйел және күйеулері Ақтауда "кафеде басқа қонақтармен төбелесті" деп айыпталған

Наразы әйелдер №2 Ақтау қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы офицерлерге және өздеріне қатысты істі "бір жақты қарап отыр, пара талап етеді" деп шағымданды. Маңғыстау облыстық соты бұл шағымға қатысты сот процессі аяқталған соң жауап беретіндерін айтты.

Олар қолдарына қозғалған іске қатысты дәлелдермен қоса бір бөтелке бензин ала келген. Қолдарына сыртына орыс тілінде жазылған "Әділ сот талап етеміз", "Ақтау қаласы. Байтұрованың соттағы заңсыздықтары" деген жазуы бар қара матадан жасалған судья мантиясын көтеріп алған.

Наразылық білдірген екеуді полицияның бірнеше арнайы жасағы, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бақылап тұрды. Арнайы жасақ өкілдері Құндыз Серікованың қолындағы бензинді күштеп тартып алып кетті.

Айжан Сәндібаеваның сөзінше, былтыр 19 қарашада күйеуі полиция лейтенанты Дархан Айзаховпен отбасы құрғандарының сегіз жылдық мерейтойын достарымен кафеде атап өткен. Сол жерде Құндыз Серікова мен күйеуі полиция лейтенанты Әлібек Әділханов және полиция лейтенанттары Мақсат Қыдырбай, Ұлағат Жұбатқан болған. Кеш барысында кафеде көңіл көтеріп отырған басқа қыздар мен әйелдер төбелесіп қалған. Осы оқиғадан соң Айжан Сәндібаева мен Құндыз Серікованың және олардың күйеулерінің үстінен "Бұзақылық" бабымен қылмыстық іс қозғалған.

- Ешкім де жапа шекпеді. Шілдеде сот процесі басталды. Істі қарап жатқан судья Байтұрова "бәріңе бір адвокат болуға болмайды" деп өзі басқа адвокат тағайындады. Сот бір жақты жүріп жатыр. Жеті мәрте судьяға қарсылық білдірдік, бәрібір істі бізді айыптау бағытында қарап жатыр. Пара сұрады, оған дәлеліміз бар, - дейді Айжан Сәндібаева.

Сәндібаеваның бесінші баласына аяғы ауыр. Ал Құндыз Серікова демікпеге шалдыққан мүгедек баласын ұзаққа созылған соттың салдарынан емдете алмай жүргенін айтып шағымданды.

Әйелдердің хабарлауынша, кешке қарай оларды Жоғары соттың өкілі Берік Уәлиев қабылдап, "соттағы әділетсіздіктерге қатысты дәлелдемелерін алып қалған".

Азаттық тілшісі осы іске қатысты Маңғыстау облыстық сотына хабарласқан еді. Облыстық соттың баспасөз өкілі қылмыстық іс аяқталған соң ғана жауап беретіндерін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG