Accessibility links

Желіде қамаудағы Козачковтың хаты пайда болды. Бас прокуратура журналист ісін қадағалайтынын хабарлады


Журналист Михаил Козачков. Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынғаны суреті.
Журналист Михаил Козачков. Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынғаны суреті.

Журналист Вадим Борейко әлеуметтік желідегі парақшасына Қазақстанның қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері қамауға алған журналист Михаил Козачковтың үндеуін жариялады.

Борейко хаттың мәтінін әлеуметтік желідегі чаттардан алғанын, содан соң Козачковтың адвокатына хабарласқанын, ол үндеу Козачковтікі екенін растағанын айтады.

Автор хаттың бас жағында "рейдерлік жасады, ұйымдасқан топқа қатысты, мемлекеттік құпияны таратты деп айыптайтынын түсіндім" дейді.

"Ол туралы мәліметтер ашық дереккөздерде жүр, ол үшін ешқандай да құпия мәліметтер базасын ашқан жоқпын. Ал "рейдерлік" пен "ұйымдасқан қылмыстық топ" дегені - "Есентай сити" мен өзге де нысандар төңірегіндегі аты шулы іс. Менің түсінуімше, Козачков хатында менің "қылмысым" - "ақша жымқырды" деп айыпталған Алмас Әбдіғаппаров туралы мақала жазғаным" деген" дейді Борейко.

Автор "тергеуші, прокурор мен судьяның ешқайсын рейдерлік жасады деп айыптамайды, ал бұл жөнінде мақала жазған журналисті қамап тастайды. Шын мәнінде менің ұсталуымның себебі - қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элимановтың жеке басының өшпенділігі" дейді.

Автордың жазуынша, жазда қаржы мониторингі агенттігінен келіссөзге келген қызметкер "Элимановтың Козачковты қамағысы келетінін" айтқан. Ал қараша айында бизнесмен Гаджи Гаджиев Элиманов Ж. мені түрмеге отырғызғысы келетінін айтты, өйткені Элиманов Ж. әйелі туралы менің мақалама ренжіп отыр екен" деп жазады автор.

Козачковтың атынан жарияланған хатта бизнесменнің Элимановпен сөйлесіп көруге уәде бергені және журналистен "түсініктеме секілді бірнәрсе жазып беруін сұрағаны", бірақ оның бас тартқаны айтылған.

Мәтін авторының пікірінше, "қаржы мониторингі агенттігі сотқа жолдаған қылмыстық істердің көбі жабылып қалатыны, судьяның адамдарды ақтағаны туралы мақала жазғаны үшін Козачков кінәлі емес".

"Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде әділетті, жаңа Қазақстан орнайды дегенге тез сеніп қалғаныма ғана кінәлімін" дейді хат авторы.

"Мені "мақаланы тапсырыспен жазады" деп айыптап, "52 миллион теңге" дегенді шығарып жатыр. Бұл - көпе-көрінеу өтірік. Өтірікті неғұрлым зорайтқан сайын жұрт көбірек сенеді деп ойлайды. Мұндайдан қорықпаймын. Бір ғана жайт - мен алды деген миллиондарды көрсетсін", - дейді автор.

Қаржы мониторингі агенттігі жетекшісі Жанат Элимановтың "Козачков хатына" қандай реакция білдіргені белгісіз.

18 желтоқсанда қаржы мониторингі агенттігі Kozachkov offside телеграм-арнасының авторы және "Время" газетінің журналисі Михаил Козачковтың қамауға алынғанын және "Болат Назарбаевтың көмекшісімін" деп жүрген Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына көмектесті" деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

Қаржы мониторингі "Қоспаев рейдерлік әрекет құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау мақсатында Козачковтың қызметін пайдаланды, Козачков ол үшін 52 миллион теңге алды" деп, бизнесмен Алмас Әбдіғаппаров аталатын "Есентай сити" жобасындағы үлесті рейдерлікпен басып алу туралы сөз болып отырғанын айтқан.

19 желтоқсанда "Әділ сөз" сөз еркіндігін қорғау қоры "Михаил Козачковтың құқықтары өрескел бұзылды, дереу босатылсын" деп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған.

Бүгін Қазақстан бас прокуратурасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен журналист Михаил Козачковты қамауға алу ісі бойынша тексеріс бастағанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG