Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін "шетел арнаулы қызметінің жолын кесіп, сатқындарды, тыңшылар мен диверсанттарды" жедел әшкерелеуге шақырды. Путин мұны мемлекеттік қауіпсіздік органдарының кәсіби мерекесіне арналған құттықтау сөзінде айтты.
Ресей президенті қарсы барлау органдарынан, соның ішінде әскери барлау қызметінен де "мейлінше қырағалық" талап етті. Путин "арнаулы қызметтердің экстремизмге қарсы күресте босаңсуына болмайды, ұлтаралық араздық тұтандыру, өшпенділік туғызу, күштеу, зорлық-зомбылыққа шақыру әрекеттерінің жолы дереу кесілуге тиіс" деп санайды.
"Шетел арнаулы қызметінің әрекеттерінің қатаң түрде жолын кесіп, сатқындарды, тыңшылар мен диверсанттарды шұғыл анықтау қажет" деді Путин.
Путин Ресей басып алған Украина жеріндегі мемлекеттік қауіпсіздік органдарының қызметіне де баға беріп, "Донецк және Луганск халық республикаларындағы, Херсон және Запарожье облыстарындағы жағдай күрделі" деді. Ол аннексияланған жерлердегі органдарға жаңа техникалар мен тәжірибелі кадрлар жіберуге уәде берді.
Сатқындар мен диверсанттарды әшкерелеу туралы ұран Путин қызмет еткен совет арнаулы қызметінде жиі айтылған еді. 1920-30 жылдардағы совет билігінің осыған ұқсас талаптарынан кейін миллиондаған адам жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған.
ПІКІРЛЕР