Accessibility links

ІІМ: 21 қыркүйектен бері 3,5 мың Ресей азаматы Қазақстанда қалуды жөн көрген


Соғыстан қашып келген Ресей азаматтары. Орал қаласы, 26 қыркүйек 2022 жыл.
Соғыстан қашып келген Ресей азаматтары. Орал қаласы, 26 қыркүйек 2022 жыл.

Ресейде мобилизация жарияланған 21 қыркүйектен бері 3578 ресейлік Қазақстанда тұрақты тұруға өтініш берген. 965 адам Қазақстан азаматтығын алғысы келеді деп хабарлайды Polisia.kz.

"Полиция бәріне бірдей тұрақты тұруға рұқсат бермейді. Ол үшін банк есепшотында кемінде 4,5 миллион теңге ақшасы, тұрақты жұмысы және бұрын сотталмаған болуы тиіс. Құқық қорғау органдары жан-жақты тексерген соң барып, тұрақты тұруға рұқсат береді" деп атап өтті ІІМ көші-қон қызметі комитетінің өкілі Аслан Аталықов.

Ол Қазақстан азаматтығын алғысы келетін шетел азаматы елде кемінде бес жыл тұруы тиіс деді. Бұл талаптың қандастарға немесе қазақстандыққа тұрмысқа шыққан әйелдерге қатысы жоқ.

ІІМ мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанға 5,6 млн шетел азаматы кірген, оның 2,9 млн-ы ресейлік. Қыркүйек айында тәулігіне 30 мыңға дейін Ресей азаматы шекарадан өткен. 1 қазаннан бері Ресейден келушілер тәулігіне 6-7 мыңнан аспайды.

Қазақстан арқылы Өзбекстанға 47 мың, Қырғызстанға 46 мың, Түркияға 37 мың, БАӘ-ге 19 мың ресейлік шығып кеткен.

Өткен аптада еңбек министрлігі жанындағы көші-қон комитеті жыл басынан бері Қазақстанға үш млн-ға жуық ресейлік келгенін мәлімдеген.

Желтоқсан айындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 298 мыңға жуық ресейлік бар. Оның 30 мыңы осында жұмыс істейді, уақытша тұруға рұқсат алған.

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин елінде мобилизация жариялаған. Содан кейін ресейліктер қазақ-орыс шекарасы арқылы Қазақстанға қашты. Қазақстанның Ресеймен шектесетін барлық шекара бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды.

XS
SM
MD
LG