Accessibility links

Арнайы комиссия шетелге заңсыз шығарылған 631 млрд теңге қайтарылғанын хабарлады


Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған "заңсыз шығарылған қаржыны қайтару бойынша" арнайы комиссия 2022 жылдың алты айында елге 631 миллиард теңге қайтарылғанын мәлімдеді.

Комиссия мәліметіне қарағанда, бұл соманың 421 млрд теңгесі қылмыстық істер бойынша келтірілген шығындардың орнын толтыру аясында қайтарылған. Оның ішінде 314 млрд ақшалай түрде, 107 млрд теңге бағалы тастар және металл түрінде келген. Қалған қаржы монополиядан шығару бойынша істер аясында қайтарылған.

Комиссия мәлімдемесінде заңсыз қаржыны шығаруға қатысы бар деген компаниялардың және жеке адамдардың аты-жөні айтылмаған.

"Шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару бойынша" комиссия құрылғанын президент биыл 5 маусымда Конституцияны өзгерту бойынша референдум өткен күні білдірген.

Комиссия құрамына құқық қорғау органдары, арнайы және орталық атқару органдары, Ұлттық банк, қаржы нарығын бақылау агенттігі, фискалдық органдар және "Самрұқ-Қазына" қорының жетекшілері кірген.

Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев ел байлығының көбіне иелік етіп келген адамдардың тобы жөнінде бірнеше рет айтқан.

Tax justice network ұйымының мәліметіне қарағанда, соңғы 25 жыл ішінде Қазақстаннан шетелдік офшорлорға 140-160 миллиард долларға жақын ақша шығарылған. Кейбір сарапшылар сыртқа шығарылған ақша бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады.

Шілдеде арнайы комиссия шетелдерге заңсыз ақша шығаруға Нұрсұлтан Назарбаевтың қамаудағы інісі Қайрат Сатыбалды, оның әйелі Гүлмира Сатыбалды, Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев, сонымен бірге экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі екені айтылып жүрген "Оператор РОП" компаниясының жетекшілері күдікті екенін мәлімдеген.

Осыған дейін қоғам тарапынан құрылған Elge Qaitaru қоры бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдардың ірі сомадағы қаржысын қайтаратынына күмәнданған.

Олар қазан айының соңында Eurasian Resources Group компаниялар тобына қылмыстық іс қозғауды талап еткен. Ол топтың директорлар кеңесінде Александр Машкевич, Патох Шодиев және Шухрат Ибрагимов секілді белгілі олигархтар бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG